ЛӘЗЗАТ ТАНЫСБАЙ «ХАБАР» АГЕНТТІГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ БОЛДЫ
Ләззат Танысбай «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы қызметіне тағайындалды.

Ләззат Танысбайдың телевизия саласындағы кәсіби тәжірибесі 30 жылдан асады. Осы уақыт аралығында ол бұқаралық ақпарат құралдары саласында бірқатар жауапты қызмет атқарып, ірі телевизиялық және медиалық ұйымдардың жұмысына жетекшілік етті.
Әр жылдары Ләззат Танысбай «Астана» телеарнасын, «НҰР-Медиа» медиахолдингін, «Қазақстан» РТРК» АҚ және «Еуразия» телеарнасын басқарды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінде қызмет атқарған.
Жаңа қызметінде Ләззат Танысбайға «Хабар» агенттігінің қалыптасқан әлеуетін сақтай отырып, негізгі жұмыс бағыттарын кезең-кезеңімен жаңғырту міндеті жүктелді. Сондай-ақ «24KZ» телеарнасының қоғамдық-саяси бағыттағы негізгі арна ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайту көзделіп отыр.
Бұл міндеттер ақпараттық саясаттың қазіргі талаптарына бейімделу, аудитория сұранысына сай контентті дамыту және телеарналардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттарын қамтиды.
Осыған байланысты Кемелбек Ойшыбаев «Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы қызметінен босатылды.



