Без рубрики
ОРМУЗ БҰҒАЗЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ УШЫҚТЫ: ИРАН ТЕҢІЗ ҚАТЫНАСЫНА ШЕКТЕУ ҚОЙДЫ
Иран Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысына уақытша шектеу енгізілгенін мәлімдеді. Тегеранның хабарлауынша, мұндай шешімнің қабылдануына белгіленген бағыттан ауытқып, навигациялық жүйесін өшірген кеме себеп болған.

Иран билігінің мәліметінше, Ормуз бұғазы «қосымша хабарламаға дейін», сондай-ақ АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін жабық болады.
Ресми Тегеран өңірдегі қауіпсіздікке төнетін кез келген қатерге қатаң жауап берілетінін ескертіп, әскери сипаттағы кез келген әрекетке қарсы тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі саналады. Ол арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ экспортының елеулі бөлігі тасымалданады. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шектеу халықаралық энергетика нарығы мен теңіз тасымалына тікелей әсер етуі мүмкін.



