ҚАЗАҚСТАН МЕН ИНДОНЕЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 244,7 МИЛЛИОН ДОЛЛАРДЫ ҚҰРАДЫ.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Индонезияның экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрі Аирлангга Хартартомен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Индонезияның Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктестердің бірі екені атап өтілді. Үкімет мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 244,7 миллион долларды құраған. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында өзара сауда көлемі 31,5 миллион долларға жетті.
Қазіргі таңда Қазақстан Индонезияға негізінен өңдеу өнеркәсібі, металлургия және химия саласының өнімдерін экспорттайды. Ал Индонезиядан елімізге электроника мен тоқыма тауарлары жеткізіледі.
Кездесу кезінде Олжас Бектенов Қазақстанның Индонезиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ерекше мән беретінін айтты.
– Қазақстан Индонезиямен әріптестікті нығайтуға мүдделі. Екіжақты сауда көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Сондықтан инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайынбыз, – деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Аирлангга Хартарто Индонезия тарапы да Қазақстанмен серіктестікті тереңдетуге және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Тараптар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өңдеу, тоқыма өндірісі, исламдық банкинг, цифрлық экономика, білім беру және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар кездесуде көлік-логистика бағыттарына ерекше назар аударылды. Әсіресе Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселесі талқыланды.
Кездесу қорытындысында Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалы аталып өтіп, еліміздің Орталық Азия, ЕАЭО, Кавказ және Еуропа нарықтарына шығуға тиімді алаң бола алатыны айтылды.



