ҚАЗАҚСТАНДА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛҒАЛЫ 69 БАЛА СУҒА БАТЫП ҚАЗА ТАПТЫ
Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында қайғылы жағдайлар жиілеп, 69 бала суға батып көз жұмған.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасап, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, балалардың судағы қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің бақылауына байланысты. Әсіресе жазғы демалыс кезінде ата-аналар мен жақындары балаларды қараусыз қалдырмауы қажет.
Мамандар қайғылы оқиғалардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу, қауіпсіздік талаптарын сақтамау және балалардың ересектердің бақылауынсыз суға түсуі салдарынан болатынын ескертеді.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға тек арнайы белгіленген және құтқарушылар кезекшілік ететін жағажайларда шомылуға кеңес береді. Сонымен қатар балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірудің маңызы зор екенін атап өтті.
Құтқару қызметтері тұрғындарды су маңында барынша сақ болуға, балалардың өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.



