ҚАЗЫҒҰРТТА «АЙҚЫН НӘТИЖЕ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Қазығұрт ауданында заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды жиын өтті.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов пен аудан прокуроры Руслан Абдраимовтың төрағалығымен өткен кеңесте «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қолға алынған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасын іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, зиялы қауым, ардагерлер, ақ жаулықты аналар, дін қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Жиынның басты мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру және тұрғындардың сенімін күшейту жолдарын бірлесіп қарастыру болды.
Кеңес барысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов Мемлекет басшысы белгілеп берген басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың сапасын жақсарту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың билік институттарына деген сенімін арттыру – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Осы тұрғыда «Айқын нәтиже» жобасы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың талап-тілегіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде аудан прокуроры Руслан Абдраимов пилоттық жобаның мазмұны мен негізгі міндеттерін кеңінен түсіндірді. Ол жобаның басты мақсаты құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру екенін айтты. Сонымен қатар құқықтық тәртіпке кері әсер ететін себептерді анықтау, тәуекелдерді саралау, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылатынын жеткізді.
Жиын барысында қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындармен кері байланысты күшейту, жастар тәрбиесі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жөнінде бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Әсіресе мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығы айтылды.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі заңдылық пен тәртіп қағидаттарын өмірдің барлық саласында сақтаудың маңызын атап өтті. Ол мемлекеттік органдар тұрғындардың өтініштері мен мәселелеріне дер кезінде назар аударып, сапалы қызмет көрсетуге басымдық беруі тиіс екенін айтты. Сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Жиын барысында көтерілген барлық ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды. Жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, пилоттық жобаның аудан көлемінде тиімді жүзеге асырылуы үшін өзара үйлесімді жұмыс жүргізу тапсырылды.
Мамандардың айтуынша, «Айқын нәтиже» жобасы мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға және тұрғындардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Жобаны жүйелі жүзеге асыру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері жетілдіріліп, аудан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ашық қоғамдық орта қалыптастыруға мүмкіндік туады.



