Без рубрики

ҚАЗЫҒҰРТТА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢІНЕН ҚАРАЛДЫ

Қазығұрт ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындармен ашық кері байланыс орнату мақсатында аудандық полиция бөлімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті.

Басқосуда өткен кезеңде атқарылған жұмыстар қорытындыланып қана қоймай, алдағы міндеттер де айқындалды.

Кездесу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүзеге асырып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, қылмыс деңгейін төмендету және тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру.

Жиынға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокурорының орынбасары Бақытжан Баймағамбетов, құқық қорғау саласының қызметкерлері, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік алды.

Есептік баяндама жасаған Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Серікбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстың жолын кесу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген. Сонымен бірге құқық қорғау қызметін жетілдіруге бағытталған алдағы жоспарлар да таныстырылды.

Кездесу барысында тұрғындар аудан өміріне қатысты бірқатар маңызды ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе жолдардың бойына қосымша бейнебақылау камераларын орнату, мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейту, ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті арттыру мәселелері кеңінен қозғалды. Бұл ұсыныстардың барлығы назарға алынып, оларды заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдары қарастырылатыны айтылды.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – бір ғана полицияның емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, қауіпсіз қоғам қалыптастыру ең алдымен отбасындағы тәрбие мен заңға құрметтен басталады. Сондықтан әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге көңіл бөлуі қажет.

Сондай-ақ аудан басшысы халық тарапынан көтерілген әрбір ұсыныс пен мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Жиында аудандық полиция бөлімінің басшысы дәмханалар мен ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қайта қарау жөнінде ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, бұл қоғамдық тәртіптің сақталуына оң әсер етуі мүмкін. Өз кезегінде аудан әкімі аталған мәселені аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесіп жан-жақты талқылау қажеттігін айтты.

Кездесу соңында тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен пікірлер арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны мәлім болды. Бұл алдағы уақытта көтерілген мәселелердің нақты шешімін табуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылдың Балалар жылы болып жариялануына байланысты ауданда «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық кепілі» қағидаты аясындағы профилактикалық жұмыстар жалғасын табады. Бұл бағытта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін күшейту және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі.

Бүгінде Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы тәулік бойы қызмет атқарып, аудан аумағындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың тыныштығын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close