ҚАЗЫҒҰРТТА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ИГІЛІГІН АУЫЛ ЖАСТАРЫ КӨРУДЕ
Өткен жылдың соңында, нақтырақ айтқанда 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында пайдалануға берілген заманауи спорт кешені бүгінде ауыл тұрғындары игілігін көріп отырған маңызды нысандардың біріне айналды.

Қазіргі таңда мұнда жүздеген жас тұрақты түрде жаттығып, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Бұл спорт кешені ауыл тұрғындарының көптен бергі тілегі болатын. Жаңа нысанның ашылуы ауыл жастарына өз уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға және кәсіби спортпен айналысуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Бүгінде кешенде әртүрлі жастағы балалар мен жасөспірімдер күн сайын жаттығуға келіп, өз қабілеттерін шыңдап жүр.
Аталған спорт кешені Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен өткізілген «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының нәтижесінде салынды. Байқауда жеңімпаз атанған Шарбұлақ ауылының тұрғындары жаңа спорт нысанының бой көтеруіне қол жеткізді. Бұл – ауылды көркейту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтаған болатын. Сондай-ақ іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, елге белгілі спортшылар – әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және Шынболат Райханов арнайы қатысып, жаңа спорт нысанының жас спортшылар үшін берері мол екенін атап өткен еді.
Қазіргі таңда кешенде бокс, еркін күрес және футбол секциялары тұрақты жұмыс істейді. Мұнда 300-ге жуық жасөспірім спортпен жүйелі түрде айналысып келеді. Жаттықтырушылардың айтуынша, балалардың спортқа қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге оң әсерін тигізуде.
Спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ғимарат ішінде күрес залы, бокс залы, заманауи тренажер залы және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумақта футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолақтары, street workout алаңы мен балалар ойын алаңшалары салынған. Бұл жерде тек кәсіби спортшылар ғана емес, ауыл тұрғындары да бос уақытында спортпен айналыса алады.
Нысанның жалпы аумағы 2,83 гектарды құрайды. Ал ғимараттың көлемі 1720 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «VERTEX BUILD» ЖШС жүргізіп, жобаға 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сонымен қатар спорт кешенінің іске қосылуы нәтижесінде 10 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
Бүгінде бұл кешен тек жаттығу өткізетін орын ғана емес, ауыл тұрғындарының бас қосатын, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылатын маңызды орталыққа айналып отыр. Мұнда аудандық және ауылдық деңгейдегі жарыстар өткізіліп, жастар арасында спортты насихаттау бағытындағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Бұл ауылдағы белсенді өмірдің қалыптасуына да оң ықпал етуде.
Жалпы, Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары өңірде көптеген жаңа спорт нысандары бой көтеріп, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Шарбұлақ ауылындағы бұл кешен де сол игі бастамалардың жарқын көрінісі деуге болады.
Қазірдің өзінде жаңа спорт кешені өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мұнда жаттығып жүрген жастардың қатары артып, спортқа қызығушылық танытатын балалардың саны көбейіп келеді. Бұл нысан алдағы уақытта да ауыл спортының дамуына серпін беріп, жаңа чемпиондардың шығуына жол ашатын маңызды орталықтардың бірі болары сөзсіз.



