Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНДА ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысы Сайрам ауданында педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің тиімділігін күшейтуге бағытталған аудандық тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.

Сайрам аудандық білім бөлімінің психология қызметінің жұмыс жоспарына сәйкес өткен басқосу Қарасу ауылдық округі психологтарының ұйымдастыруымен №33 Нұржан Шойынбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында өтті.

«Қазіргі психокоррекция және психологиялық кеңес беру әдістері» тақырыбын арқау еткен семинардың негізгі мақсаты – педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, психологиялық қолдау көрсету саласындағы заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерту және оларды білім беру ұйымдарының күнделікті тәжірибесіне тиімді енгізу жолдарын насихаттау болды. Қазіргі таңда мектеп психологтарының рөлі тек оқушылармен жұмыс жүргізумен шектелмей, ата-аналар мен педагогтерге психологиялық қолдау көрсету, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, балалардың психоэмоционалдық әл-ауқатын нығайту бағытындағы жұмыстарды қамтиды. Сондықтан мұндай тәжірибелік кездесулердің маңызы жылдан-жылға артып келеді.

Семинардың ашылу рәсімінде №33 Нұржан Шойынбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Күләш Қамбарова қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай кәсіби алаңдардың тәжірибе алмасу мен өзара ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне тоқталды.

Сондай-ақ, құрметті қонақтар – «Reframe» дамыту орталығының директоры Гүлжан Ералиевна Вероцкая және Сайрам аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Бекежанқызы Алтеева сөз алып, қазіргі кезеңдегі психологиялық қызметтің қоғам үшін маңызын атап өтті. Олар білім беру жүйесінде балалардың психикалық саулығын сақтау, эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастыру және өмірлік қиындықтарды еңсеруге бағытталған психологиялық сүйемелдеудің өзектілігіне ерекше назар аударды.

Ауданның білім беру ұйымдарынан келген педагог-психологтар семинар жұмысына белсенді қатысып, тәжірибелік бөлімдерге атсалысты. Бағдарлама аясында қазіргі психология ғылымында кеңінен қолданылатын когнитивті-мінез-құлықтық терапия, позитивті психология және арт-терапия элементтері жан-жақты қарастырылды. Мамандар әр бағыттың теориялық негіздерімен танысып қана қоймай, оны мектеп жағдайында қолданудың тиімді тетіктерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Семинар барысында қатысушылар түрлі практикалық жаттығулар, топтық жұмыстар және кәсіби пікірталастар арқылы өзара тәжірибе алмасты. Әсіресе оқушылардың эмоционалдық жай-күйін анықтау, күйзелістің алдын алу, сенімді қарым-қатынас орнату, тұлғалық әлеуетін дамыту және қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру бағытындағы әдістер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар педагог-психологтардың кәсіби қызметінде кездесетін өзекті мәселелер сараланып, оларды шешудің тиімді жолдары ұсынылды.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау – білім беру саласындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, педагог-психологтардың кәсіби деңгейін тұрақты жетілдіру, халықаралық тәжірибеде дәлелденген психокоррекциялық тәсілдерді меңгеруі және оларды білім беру үдерісінде тиімді қолдануы ерекше маңызға ие.

Аудандық тәжірибелік семинар өзара тәжірибе бөлісуге, жаңа әдістерді игеруге және кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берген мазмұнды алаңға айналды. Мұндай кездесулер білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет сапасын арттыруға, оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close