Без рубрики

САЙРАМДА «АЛТЫН АЛҚА» МЕН «КҮМІС АЛҚА» ИЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

«Ана бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді», – дейді бабалар нақылы. Расында, ананың төккен тері мен балаға берген тәлім-тәрбиесінің өтемі жоқ шығар, сірә? Дегенмен, аналарға құрмет көрсету қашан да бірінші орында болуы тиіс.

Мемлекет те аналарды назардан тыс қалдырмайды. Оларды марапаттап, мереке сайын арнап түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Түрлі наградалар табысталып жатады.

Соның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, жыл сайын көпбалалы аналарға табысталатын марапат. Осындай рәсім Сайрам ауданында да тұрақты түрде өткізіледі. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, елдің демографиялық өсіміне және отбасы құндылықтарының нығаюына еңбек сіңіріп жүрген аналардың еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет.

Әдетте мұндай салтанатты іс-шараға ауданның ардақты аналары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері мен сала мамандары шақырылады. Жиында аудан әкімшілігінен келгендерге сөз беріледі. Осындай іс-шаралардың бірінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дәулетбайұлы сөз сөйлеп, көпбалалы аналарды мемлекеттік марапаттарымен құттықтады. Ол ана еңбегі қай кезде де ең жоғары бағалауға лайық екенін айтып, мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізген болатын. Сондай-ақ аналардың қоғамдағы орны, жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі және ұлттық құндылықтарды сақтаудағы еңбектері ерекше аталып өтті.

Іс-шара барысында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталып, гүл шоқтары мен ізгі тілектер ұсынылды. Марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау көпбалалы отбасылар үшін үлкен демеу екенін айтты.

Жарлыққа сәйкес, биыл Сайрам ауданынан барлығы 22 ана мемлекеттік марапатқа ие болды. Оның ішінде 4 ана «Алтын алқамен», ал 18 ана «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл наградалар көпбалалы аналардың ел алдындағы еңбегін бағалаудың және олардың қоғамдағы мәртебесін арттырудың маңызды белгісі болып саналады.

Қазақстанда көпбалалы аналарды қолдау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары аналар мен балалардың әл-ауқатын арттыруға көбірек көңіл бөлініп келеді. Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан тұрақты түрде әлеуметтік төлемдер төленіп отырады. Сонымен қатар, оларға мемлекет тарапынан арнайы тегін баспана да қарастырылады. Балалардың білім алуында да жеңілдіктер көрсетілген. Мұның барлығы отбасы институтын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау – тек құрмет көрсету ғана емес, олардың қоғам алдындағы еңбегін кеңінен насихаттаудың да маңызды тетігі. Себебі әрбір ана – саналы, білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелейтін негізгі тұлға. Сондықтан аналарды қолдау мен олардың беделін арттыру – елдің болашағына жасалған инвестиция болып саналады.

Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында 12 978 көпбалалы ана тұрады. Олардың 129-ы – «Батыр ана», 3 863-і – «Алтын алқа», 5 026-сы – «Күміс алқа» иегері. Сонымен қатар, 355 ана I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында көпбалалы отбасылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттің аналарға көрсеткен құрметі олардың қоғамдағы беделін арттырып қана қоймай, отбасы құндылықтарын дәріптеуде жас ұрпаққа үлгі болары анық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close