САЙРАМДА КҮРДІ ЖӘНЕ ӘЗЕРБАЙЖАН ЭТНОСЫНЫҢ «ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ» КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Сайрам ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Түркістан облысы күрді және әзербайжан этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің бастамасымен «Тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі» күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту, қазақстандық бірегейлік пен этносаралық бірлікті дәріптеу, әрбір этностың тілі мен мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға қолдау көрсету болды.
Мерекелік жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшелері, Түркістан облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері мен тұрғындар қатысты. Іс-шара бейбітшілік пен татулықты ту еткен Қазақстан қоғамындағы этностар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің айқын көрінісіне айналды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов қоғамдық келісім мен тұрақтылық – еліміздің басты құндылығы әрі мемлекеттік саясаттың өзегі екенін атап өтті. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы этностар арасындағы татулықты нығайтуда, бейбіт өмір мен бірлікті сақтауда маңызды институт болып табылатынын жеткізді.
Іс-шара барысында облыстық күрді және әзербайжан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Қазақстанда әрбір этностың ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін еркін дамытуына барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыстарын білдірді. Олар өз кезегінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына, Түркістан облысындағы қоғамдық татулық пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қоса беретіндерін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама ұлттық мәдениетті паш еткен концерттік қойылымдармен жалғасын тапты. Күрді және әзербайжан халықтарының ұлттық әндері мен билері көрерменге ерекше әсер сыйлап, ортақ құндылықтар мен рухани бірлікті дәріптеді. Сонымен қатар елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға белсенді атсалысып жүрген этномәдени бірлестік өкілдері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында патриоттық әндер шырқалып, жиналған қауым берекелі бірлік пен татулықты ұлықтаған тағылымды жиыннан ерекше рухани әсер алып тарқасты.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 6 мыңнан астам күрді, 23 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілдері тұрады. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосып, көпэтносты Қазақстан қоғамының бірлігін нығайтуға белсенді атсалысып келеді.



