САЙРАМДА «ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫНЫҢ МӘҢГІЛІК АМАНАТЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТТІ
Ақсукент ауылында орналасқан Е. Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжі мен «Ардақты ана» музейінің мәжіліс залында «Татулық пен келісім – халық даналығының мәңгілік аманаты» тақырыбында Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің көшпелі отырысы өтті.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – қоғамда татулық пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу, этносаралық бірлікті нығайту, жастар арасында адалдық, жауапкершілік және отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыру болды. Сонымен қатар, ақсақалдар мен аналар институтының қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын насихаттау көзделді.
Көшпелі отырысқа Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Файзиев Нұржан Сапарханұлы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Сайрам аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, Ассамблея жанындағы құрылымдардың өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар қатысты.
Жиын барысында сөз алған Нұржан Сапарханұлы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің мемлекеттің тұрақты дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және ортақ құндылықтарды сақтау – көпэтносты қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты кепілі. Ол ақсақалдар мен аналардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі сөзі жастарға бағыт-бағдар беруде айрықша рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Базарбай Айтбаев «Қоғамдық келісім» мекемесі тарапынан аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мұндай көшпелі форматтағы кездесулердің халықпен тікелей байланыс орнатуда, қоғамдық сананы нығайтуда тиімді екенін жеткізді. Ол татулық пен келісім – тек ұран емес, күнделікті өмірде нақты әрекетпен көрініс табуы тиіс құндылықтар екенін айтты.
Аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков ақсақалдар институтының басты миссиясы – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, дау-дамайдың алдын алу, жастарды ұлттық тәрбие мен адамгершілікке баулу екенін атап өтті. Оның сөзінше, ата-бабадан қалған татулық пен бірлікке негізделген ұстанымдар бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Кездесу барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелер, этносаралық келісімді нығайту жолдары, жастардың тәрбиесі мен олардың бойында адал азамат бейнесін қалыптастыру төңірегінде ой бөлісті. Сондай-ақ осындай мазмұнды кездесулердің ел ішіндегі өзара түсіністік пен сенімді арттырып, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты бекемдеуге зор үлес қосатыны айтылды.
Іс-шара соңында қатысушылар көшпелі отырыстардың маңыздылығына тоқталып, татулық пен келісім идеяларын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Кездесу ел бірлігін нығайтуға, халық даналығын ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымды әрі мазмұнды жиын ретінде қорытындыланды.



