Без рубрики

САУРАН АУДАНЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АЛМАТЫДАҒЫ XXI ҚЫТАЙ ТАУАРЛАРЫ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

2026 жылғы 2 шілдеде Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі өз жұмысын бастады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық көрмеге Сауран ауданының делегациясы аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастауымен арнайы қатысуда.

Ауқымды халықаралық іс-шара екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды талқылауға және кәсіпкерлік саласындағы серіктестікті кеңейтуге арналған маңызды алаңдардың бірі саналады. Биылғы көрмеге Қытайдың өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина жасау, энергетика, логистика, цифрлық технологиялар және инновациялық жобалар саласындағы жетекші компаниялары қатысып, өздерінің заманауи өнімдері мен жаңа технологияларын таныстыруда.

Көрме аясында Сауран ауданының делегациясы өндірістік бағыттағы павильондарды аралап, түрлі саладағы инновациялық жобалармен танысуда. Аудан кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы техникасы, су үнемдеу технологиялары, қайта өңдеу өндірісіне арналған заманауи құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары өндірісі және цифрлық жүйелер бағытындағы жаңа шешімдерге ерекше қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасып, өзара тиімді серіктестік орнату мәселелері талқылануда.

Халықаралық көрмеге қатысудың басты мақсаты – Сауран ауданының инвестициялық әлеуетін таныстыру, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік қарастыру және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тиімді жобаларды зерделеу. Осы бағытта аудан делегациясы шетелдік инвесторлармен және кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткізіп, аудан экономикасына инвестиция тарту мүмкіндіктерін талқылауда.

Сауран ауданы бүгінде өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіп келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Ауданда ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, өндіріс және инфрақұрылым салаларын дамытуға басымдық беріліп, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Осы ретте халықаралық көрмелерге қатысу ауданның экономикалық әлеуетін кеңінен танытуға және шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді.

Көрме барысында қытайлық компаниялар Сауран ауданының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, агроөнеркәсіп кешені, қайта өңдеу өндірісі, құрылыс индустриясы және жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда. Мұндай іскерлік байланыстар алдағы уақытта аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлік саласының кеңеюіне оң ықпал етеді деп күтілуде.

2026 жылғы 2–4 шілде аралығында өтетін Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі Сауран ауданы үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңдардың біріне айналуда. Көрме аясында жүргізіліп жатқан кездесулер мен келіссөздер ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа серіктестік байланыстардың қалыптасуына жол ашпақ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close