Без рубрики

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Түлкібас ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мәдениет, денсаулық сақтау және көлік саласындағы маңызды жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты аудан әкімі Асқар Естібаеваудан аумағында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, мердігер ұйымдар мен жауапты сала басшыларының қатысуымен көшпелі жиын өткізді. Жұмыс сапары барысында құрылыс жұмыстарының орындалу қарқыны, сапасы, инженерлік инфрақұрылымның тартылуы және нысандарды пайдалануға беру мерзімі жан-жақты талқыланды.

Алдымен аудан басшысы Састөбе кентіне қарасты Ынтымақ ауылында бой көтеріп жатқан 200 орындық ауылдық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, түрлі қоғамдық, рухани және шығармашылық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды орталықтардың бірі болмақ. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ғимараттың негізгі құрылыс бөлігі аяқталып, ішкі әрлеу, сыртқы қаптау және инженерлік желілерді орнату жұмыстары қатар атқарылуда. Сонымен бірге аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Жобаны биылғы тамыз айында толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі мердігер ұйым өкілдерімен жеке сөйлесіп, жұмыстың сапасына қатысты бірқатар нақты талап қойды. Ол құрылыс материалдарының сапасына, әрлеу жұмыстарының талапқа сай орындалуына және қауіпсіздік ережелерінің сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары үшін жайлы орта қалыптасуы тиіс екенін айтып, аула аумағын көгалдандыру, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелерін де назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Одан кейін аудан басшысы Састөбе кентінде салынып жатқан жаңа фельдшерлік пункттің құрылысымен танысты. Денсаулық сақтау нысаны шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бой көтеруде. Қазіргі уақытта мұнда сыртқы қаптау, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және аумақты ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа медициналық мекемеде қызметкерлерге арналған әкімшілік корпус, қабылдау бөлмелері, қажетті медициналық кабинеттер, сондай-ақ арнайы қызметтік автокөліктерге арналған төрт гараж қарастырылған. Мұнда тәулігіне үш бригада құрамындағы 10 медицина қызметкері еңбек етіп, тұрғындарға алғашқы медициналық және шұғыл көмек көрсететін болады. Аудан әкімі бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін айтып, құрылыс аяқталғаннан кейін қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету мәселесін де назарда ұстауды тапсырды.

Жұмыс сапары барысында мердігер ұйымдардың өкілдері аудан басшысына құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі туралы баяндап, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Өз кезегінде Асқар Естібаев әрбір жобаның орындалу барысын күнделікті бақылауда ұстау қажеттігін айтып, құрылыс қарқыны бәсеңдемеуі тиіс екенін ескертті. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандардың уақытында пайдалануға берілуі тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.

Бұдан кейін аудан әкімі Түлкібас теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тағы бір мәрте тексерді. Бұл нысан бұған дейін де аудан басшысының бақылауында болған. Қазіргі таңда вокзал ғимаратында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақты абаттандыру жалғасуда. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру, жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Аудан басшысы вокзал аумағын аралау барысында құрылыс сапасына ерекше мән беріп, мердігер ұйымдарға жұмысты белгіленген кестеден кешіктірмеуді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вокзал аумағын толық абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, теміржол вокзалы ауданның негізгі қақпаларының бірі болғандықтан, оның сыртқы келбеті мен қызмет көрсету деңгейі жоғары талаптарға сай болуы қажет.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close