ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздің білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі болып отыр.

Аталған жоба аясында өңірлерде заманауи талаптарға сай, кең әрі қолайлы білім ордалары бой көтеріп, мыңдаған оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік жасалуда. Осы игі бастама Түркістан облысында да жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – Келес ауданына қарасты Абай ауылында 600 орындық жаңа мектептің пайдалануға берілуі.
№65 жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады. Бұл күн Абай ауылының тұрғындары үшін ғана емес, тұтас Келес ауданы үшін маңызды тарихи оқиғаға айналды. Себебі ауылдық жерде осындай заманауи мектептің салынуы – жас ұрпақтың болашағына жасалған нақты инвестиция.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі «Келешек мектептері» жобасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама – елдің ертеңі саналатын балаларға тең мүмкіндік беру, қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында қолға алынған ауқымды жоба. Республика көлемінде жоспарланған 217 мектептің 29-ының Түркістан облысында салынуы өңірге көрсетілген үлкен сенім мен қолдаудың белгісі екенін атап өтті. Өткен оқу жылында облыста 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 16 мектептің құрылысы аяқталып отыр. Ал Келес ауданында бұл жоба аясында ашылып отырған үшінші мектеп.
Жаңа мектеп ғимараты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Кең әрі жарық оқу сыныптарымен қатар, заманауи жабдықталған пәндік кабинеттер, шеберханалар, кітапхана, мәжіліс залы, коворкинг аймақтары бар. Сонымен бірге спорт залы мен мәдениет залы, асхана оқушылардың денсаулығы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Мектеп ауласында салынған ашық футбол алаңы балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Жаңа білім ордасын аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігіне, ішкі жабдықталуына және оқу үшін жасалған қолайлы ортаға ерекше ризашылықтарын білдірді. Облыс әкімі оқушылармен жүздесіп, олардың болашаққа деген мақсат-мұраттарын сұрап, сабақты жақсы оқып, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуларына тілектестік білдірді. Бұл кездесу балаларға үлкен мотивация беріп, олардың жаңа мектепке деген сенімін арттырды.
Айта кету керек, Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Жоба білім беру мазмұнын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға да бағытталған. Жаңа мектептерде цифрлық құралдар кеңінен қолданылып, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Бұл – болашақта бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызды алғышарты.
Бүгінде облыс аумағында салынып жатқан 29 «Келешек мектебі» өңірдегі үш ауысымда оқыту мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, апатты және тозығы жеткен мектептердің орнын заманауи ғимараттармен алмастыруға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 10-нан астам мектеп есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, толық іске қосылады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында білім саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айғақтайды.
Жаңа мектептің ашылуы Абай ауылының әлеуметтік өміріне де оң серпін бермек. Ауыл балалары енді сапалы білім алу үшін алысқа сабылмай, өз елді мекенінде заманауи жағдайда оқи алады. Бұл ата-аналар үшін де үлкен қолайлылық. Сонымен қатар мектеп ауылдағы қоғамдық өмірдің, мәдени және тәрбиелік шаралардың орталығына айналатыны сөзсіз.
Осылайша, Келес ауданындағы 600 орындық жаңа мектеп – Мемлекет басшысының білім саласын дамытуға бағытталған нақты саясатының өңірдегі жарқын көрінісі. «Келешек мектептері» жобасы арқылы салынған бұл білім ордасы болашақта талай дарынды шәкіртті тәрбиелеп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатын білікті азаматтардың қалыптасуына негіз болмақ.



