Қоғам

ТҮРКІСТАНДА ТУРИСТЕР ҚОНАҚҮЙДЕН ТАРШЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ

Облыс орталығына айналғалы Түркістан сәт сайын ажарланып, күн сайын түрленіп келеді. Тарихи мекенді, көркі көз тартар ғимараттарды көруге еліміздің түкпір-түкпірінен туристер ағылады қазір. Тіпті алыс-жақын шет мемлекеттерден де Түркістанның кереметін көруге келетіндердің қатары көп.

Шаһарға ағылатын қонақтардың санын ескере отырып, Түркістан қаласының әкімдігі туристік әлеуетті арттыру мақсатында, оның ішінде республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар қолға алуда. Нақты атқанда, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Яссауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін және қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылуда. Қала билігі осылайша Түркістанға келушілердің санын екі есеге көбейтеміз деп жоспарлауда.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен көптеген қонақ үйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Түркістан қаласында елімізде баламасы жоқ туристік-рекреациялық орталықтың салынғаны баршаға мәлім. «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қалада «Түркістан мол» сауда орталығының, «Отау» сауда орталы-ғының, «Медина Палас» қонақ үйінің, «Теннис» орталығының, Бизнес орталықтардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласында бүгінде қонақ үйлер саны 55-ке жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға (2021 жылы – 32 қонақ үй) артып, жоғарғы санатты қонақ үйлер саны 10-нан асып отыр.

Нақты фактіге жүгінсек, 2022 жыл 7 айдың қорытындысы бойынша келуші және туристер саны 952 428 адамды құрады дейді мамандар.

Айта кетерлік жәйт, Хазірет Сұлтан әуежайы ашылғалы туристердің келуіне өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда, еліміздің он үш қаласынан бөлек Стамбул бағытында тұрақты рейстер қойылған. Оның ішінде 11 қалаға субсидияланған рейстер ашылған, яғни билет құны қолжетімді, 18 доллардан 60 долларға дейінгі аралықты құрайды. Бұл өз кезегінде туристік әлеуетті арттырып отырған жайы бар.

Жаңа Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылуда. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін, оған тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санаты бар, 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын оған көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы кіреді. 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 25,7 миллиард теңгені құраған. Мереке күндері қонақүйлердің нөмірлік қоры толықтай сатылады, 7 ай бойынша қонақүйлердің орташа жүктемесі 41 пайызға жетсе, республика бойынша орташа жылдық жүктеме 20 пайызды құрайды. Туристік сала кәсіпкерлерімен байланыс нығайып, туристік нысандарды әлеуметтік желілерде насихаттау күшейген. Алматы облысының «Лимон» туристік операторы бір-екі күндік шығу турын ұйымдастырып, аптасына екі рет 50 адамнан келіп тұратын көрінеді. Ал «Визит Түркістан» туроператоры наурыз және маусым айларында қала бойынша 400-ден астам экскурсия өткізген. Сонымен қатар Түркістан қаласында ашылған, жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар.  Түркістан қаласында «Президент» саябағы және тұңғыш рет жағажай ашылып, балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close