ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 10 МЛН МЕТР ДЖИНСЫ МАТАСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ
Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және отандық өндірісті дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді.

Соның айқын дәлелі – Түркістан қаласында жылына 10 миллион метр джинсы матасын өндіретін ірі тоқыма зауытының құрылысы басталуы. Арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын бұл жоба өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеріп, Түркістанды еліміздегі ірі тоқыма орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған.
Маңызды жобаның басталуына арналған салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Hygeia Textile Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру және джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысына арналған капсуланы салды. Бұл рәсім тек бір зауыттың іргетасын қалау емес, тұтас өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланды.
Салтанатты жиында сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобаның өңір үшін маңыздылығына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген жаңа экономикалық бағыт ел экономикасын инновация мен цифрлық технологияларға негіздеу қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Осы міндеттер аясында Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, әсіресе өңдеуші өнеркәсіп пен жеңіл өнеркәсіпті дамыту басты басымдықтардың біріне айналған.
Облыс басшысы соңғы жылдары Түркістан өңірінде мақта кластерін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар басталғанын атап өтті. Бұдан былай облыста өсірілетін мақта толықтай өңірдің өзінде өңделіп, дайын өнімге айналатын болады. Бұл – қосылған құны жоғары өнім шығарып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа джинсы маталарын өндіретін зауыт осы мақсаттағы маңызды буындардың бірі болмақ. Зауытта жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 миллион метр джинсы матасы өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Өндірілетін дайын өнімдер ішкі нарықпен қатар Еуропа және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылмақ. Бұл Қазақстанның тоқыма өнімдері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнімнің халықаралық нарыққа шығуына жол ашады. Сонымен қатар жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып отыр, бұл Түркістан облысының инвесторлар үшін тартымды өңірге айналғанының нақты көрінісі.
Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Зауыт іске қосылған кезде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Өндірістік нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт толықтай заманауи технологиялармен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, жеңілдіктері мен қолайлы жағдайлары инвесторларға өндірісті тиімді жолға қоюға мүмкіндік беріп отыр. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған. Әр кезеңде өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа технологиялар енгізіледі.
Бұл зауыттың іске қосылуы Түркістан облысының жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуда жаңа серпін береді. Бұған дейін өңір негізінен шикізат өндіруге бағытталған болса, енді терең өңдеу саласы қарқынды дамып, дайын өнім шығару көлемі артады. Бұл импортты алмастыруға, отандық нарықты сапалы өніммен қамтуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде соңғы 10 айда өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты даму жолына түскенін айқын аңғартады.
Жылына 10 миллион метр джинсы матасын өндіретін зауыттың құрылысы – Түркістан облысының индустриялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл жоба өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, Қазақстанның тоқыма саласын халықаралық деңгейге шығаруға үлес қоспақ. Алдағы уақытта осындай ірі жобалардың жүзеге асуы Түркістанды экономикалық тұрғыдан қуатты, өндірісі дамыған өңірге айналдыратыны сөзсіз.



