ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮШІН TIKTOK ПЕН INSTAGRAM-ҒА ТҮНГІ ШЕКТЕУ ЕНГІЗЕДІ
Ұлыбританияда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануына бағытталған жаңа шара енгізілмек. Ел үкіметі 16-17 жастағы қолданушылар үшін бірқатар танымал платформаларға түнгі уақытта шектеу қою туралы шешім қабылдады.

Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік желілердегі әдепкі баптаулар бойынша кейбір сервистерге қолжетімділік түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін шектеледі.
Бұл өзгеріс ең алдымен жасөспірімдер арасында кең қолданылатын Instagram, TikTok және YouTube платформаларына қатысты болмақ.
Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай қадам жастардың ұйқы режимін сақтауға, интернетті шамадан тыс пайдаланудың алдын алуға және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа жүйе толықтай мәжбүрлі сипатта болмайды. Жасөспірімдер өз аккаунттарының баптауларын өзгерту арқылы бұл шектеуді өз еркімен алып тастай алады.
Ұлыбритания билігі әлеуметтік желілердің жастардың өміріне әсерін ескеріп, онлайн-платформалардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді жалғастырып келеді.



