Қоғам

«АУЫЛЫМ АЛТЫН БЕСІГІМ» АТТЫ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ МЕН КЛУБТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУ САУРАН АУЫЛДЫҚ КЛУБЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

«Ауылым – Алтын Бесігім» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Сауран ауылдық клубында жалғасын тауып, ауыл өмірінің қазынасы мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Сахна төрінде ақ кимешекті әжелер өз орындарын алды. Әжелер ұлттық тағамдарды даярлап, жиналғандарға дастархан мәзірін ұсынды. Баурсақ, қымыз, құрт сынды дәмді тағамдар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде ерекше құрметпен ұсынылды. Қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі қолөнер көрмесі де көрсетіліп, тарихымен таныстырылды.

Мектеп оқушылары туған жерге арналған өлеңдер оқып, көрермендердің көңілінен шықты. Олардың жүрекжарды өлеңдері Сауранның шежірелі тарихы мен қазақ жеріне деген сүйіспеншілікті паш етті. Атап айтқанда, ауданымыздың жас ақыны Ердаулет Бұхарбай  «Қазақ елі» өлеңін, Талшын  Жібек  «Ауылым» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Сауран ауылдық кітапхана қызметкері Сәрсекеева Мадина байқау барысында ауылдың бай тарихын баяндап, өткеннің өнегесін қазіргі ұрпаққа кітап көрмесі арқылы жеткізді. Сонымен қатар кітап көрмесінде ауылдың тарихына қатысты құнды деректер мен әдебиеттер ұсынылды.

Мерекелік көңіл-күй ән шырқалып, көрермендерге керемет әсер қалдырды. Сауран ауылдық клуб меңгерушісі Сейтова Гүлжан ауыл жастарының өнері мен мәдениетін ән-күй, би арқылы көрсете білді.

Ән орындаған жергілікті өнерпаздар халықтың сүйіспеншілігі мен қолдауына ие болды. Іс-шара ауылдың бірлігі мен ынтымағын тағы да бір мәрте дәлелдеп, қатысушыларға рухани азық сыйлады. Өнерпаздардан Бекжан Кәрім  «Мен қазақтың ұлымын» әні, Артықбай Төлеген «Қазағым» әні шырқалып, Қыздарай тобы «Араб биі» және басқа да ауыл жастары ән айтып, мың бұралған бишілері билерімен қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар «тұсау кесер» дәстүрі көрсетіліп, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған құндылықтарды паш етті. Салт-дәстүрлеріміздің әрбірі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлттық болмысымызды сақтаудың бірден-бір жолы екендігі туралы әңгімелер айтылды. Шара барысында ауылдың үлкендері жастарға ақ баталарын беріп, өнегелік көрсетті.

Осындай шаралар ауылдың рухын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге септігін тигізері сөзсіз.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close