ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН ТҮРКІСТАНДА ЖЕКЕ ӘН КЕШІН ӨТКІЗУІ МҮМКІН
Бұл туралы Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы мәлімдеді.

Нұрдәулет Медеуов әлемге әйгілі әншімен келіссөздер жүріп жатқанын айтты.
— Димаш Құдайбергеннің стадионда ән кешін өткізуге барлық параметрлері сәйкес келеді. Одан бөлек нарықта өзін сата білетін әншілерді іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деді басқарма басшысы.
Өткен жылы туризм басқармасының бастамасымен «Түркістан Арена» стадионында алыс- жақын шет елдерге танымал жұлдыздардың қатысуымен концерт өткен болатын.
— Туризмнің тағы бір бағыты оқиғалық іс-шаралар. Осы бағытта біз өткен жылы пилоттық жобаны іске асырдық. Қайтарымды қаражат негізінде, яғни ұйымдастырушымен келісім-шарт жасадық. Бұл дегеніміз ұйымдастырушы плюста болса да, минусқа кірсе де кеткен қаражат қайтарылуы керек. Бұл жоба пилоттық болғаннан кейін бізде минус болды әрине. Алайда, қаражат мемлекетке толық қайтарылатынын атап өту керек деді Нұрдәулет Медеуов.
Аталған жоба алдағы уақытта жалғасын таппақ. Түркістанда түрлі жұлдыздарды көретін күн алыс емес.