Қоғам

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ БАҚ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Сауалнамаға қатысушылардың 32,8 % қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ер мен әйелдің бейнесін қалыптастыруға кейде ғана ат салысады деп ойлайды.

28,7 % БАҚ ықпалы бар деген пікірді қолдайды. Сөйте тұра ешқандай ықпалы жоқ деп ойлайтындар (21,7 %) мен бұл мәселе туралы ойланбағандардың (16,8 %) қосындысы аталмыш сұраққа «Иә» деп жауап берушілердің үлесінен көп. Ерлердің 37,6 % қазақстандық БАҚ ерлер мен әйелдердің бейнесін қалыптастыруға кейде әсер етеді деген пікірді білдірсе, әйелдердің 32,4 % БАҚ ерлер мен әйелдердің қалай болуға тиіс екендіктеріне міндетті түрді әсер етеді деп ойлайды. 18 — 30 жас аралығындағы респонденттердің көпшілігі (30,8 %) қазақстандық БАҚ кейде гендерлік бейнелерді қалыптастырады деген пікірде. Ер мен әйелдің бейнесін сомдауға БАҚ-тың әсер ететіндігіне ең көп сенетін топ – 46 — 59 жас аралығындағы респонденттер болса (31,1 %), ең аз сенетін топ – 60 және одан жоғары жастағы респонденттер (19,3 %). Қазақстандық БАҚ ер мен әйелдің бейнесін қалыптастырады дегенге орта және арнайы орта білімділердің 66,8 % сенімді болса, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардың тек 32,1 % ғана сенеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар респонденттердің басым бөлігі (33,6 %) олардың әсері тек кейде ғана тиеді деген пікірді қолдайды. Қала тұрғындарының 33,3 % және ауыл тұрғындарының 31,3 % БАҚ ерлер мен әйелдердің бейнесіне кейде ғана әсерін тигізеді деген пікірде. БАҚ әсеріне ауылдықтарға (25,6 %) қарағанда қалалықтар (29,2 %) көбірек сенеді.

Сіз қазақстандық БАҚ ер мен әйел бейнесін қалыптастыруға тигізетін ықпалын қалай бағалайсыз?

Сауалнамаға қатысушылардың 30,8 % бұл мәселе туралы мүлде ойланбағандықтан БАҚ-тың ерлер мен әйелдердің бейнесін сомдаудағы ықпалын бағалай алмады. 24,5 % БАҚ ерлер мен әйелдерді таптаурын күйде көрсететіндіктен олардың ықпалын жағымсыз деп бағалайды. Бұл сауалға респонденттердің 22 % жауап бере алмағандығы олардың өзіндік пікірінің жоқтығын немесе аталмыш сауал мен оның жауап нұсқаларын түсінудің қиынға соққандығын білдіреді деген ойдамыз. Гендерлік нұсқауларды қалыптастыру үдерісіне тигізетін БАҚ әсерінің маңыздылығына қатысты ресми дискурс пен қоғамдық дискурстың ойлары бұл сұрақ бойынша да ұштаспады. Гендерлік теңдік стратегиясында сегізінші мақсат былай деп атап көрсетілген: «Ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігіне қол жеткізу мәселелерінде мемлекеттік органдар мен БАҚ ортасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету; әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі БҰҰ конвенциясының қағидаларын жүзеге асыру мәселелерін БАҚ-та кеңінен жариялау; Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту шараларының ұлттық жоспары; адам құқықтарына қатысты халықаралық құжаттар; гендерлік теңдікті насихаттауда БАҚ қолдауын қамтамасыз ету; БАҚ-тың гендерлік сезімталдығын өсіру шараларын қабылдау арқылы «гендерлік тұрғыдан сезімтал қоғамдық сананы дамыту». Ал қоғамдық пікір БАҚ-тың гендерлік нұсқаулар мен таптаурындардың қалыптасу үдерісіне ықпал ететіндігіне сенімді емес. Оның аталмыш проблемаға сараптама жасамағаны анық және онда халық арасындағы гендерлік таптаурындардың қалыптасуына БАҚ-тың тигізетін әсеріне қатысты айқын нұсқаулықтар жоқ.

Сіздің ойыңызша қазақстандықтарға ерлер мен әйелдерге қатысты таптаурындарды жоюға көмектесетін білім берілуі керек пе?

Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (44,3 %) қазақстандықтарға гендерлік бағыттағы білім қажет деген пікірді қолдайды. Тек 12,7 % қазақстандықтарға ондай білім қажет жоқ деген ойда. Айта кетерлік бір жайт, респонденттердің басым бөлігі (43 %) бұл сұраққа жауап бере алмады. Әйелдердің көбі (48,9 %) қазақстандықтар гендерлік білім алу керек деген ойда, ерлердің 36,7 % бұл ойды бөліседі. Сөйте тұра әйелдермен салыстырғанда ерлердің көп бөлігі (22,9 % 6,9 %-ға қарсы) гендерлік білім берудің қажеті жоқ деп біледі. Аталмыш сұраққа жауап бере алмағандардың үлесі жоғары. 31 — 45 жас аралығындағылардың басым бөлігі (50,2 %) қазақстандықтарға гендерлік бағыттағы білім керек деп санаса, 18 — 30 жас аралығындағы топ өкілдері 46,9 % бұл сұрақтың жауабын білмейді. 60 және одан жоғары егде жас тобының өкілдері ондай білімнің қажеті жоқ екендігіне басқалармен салыстырғанда көбірек сенімді (23,7%).

Сауалнамаға қатысқан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардың көпшілігі (47,1%) қазақстандықтар ерлер мен әйелдер туралы стереотиптерді жоюға көмектесетін білімді үйренулері қажет деп санайды. Орта және арнайы орта білімді респонденттердің 45,2 % бұл сұраққа жауап бере алмады. Сауалнамаға қатысқан өзге ұлт өкілдері (49,7 %) мен орыстардың       басым бөлігі   (45,6%) қазақстандықтарға ондай білім міндетті түрде қажет деген пікірді қолдайды. Қазақ ұлты өкілдерінің 45,7 % қазақстандықтарға гендерлік білімнің қажеті бар, ма жоқ па дегенді дөп басып айта алмады. Ауыл тұрғындардың көбісі (53,6 %) аталмыш сұраққа жауап бере алмады. Ал қалалық тұрғындардың көбісі (45,8%) гендерлік бағыттағы білімнің қажет екендігіне сенімді.

Сізге мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында гендерлік білім (ер мен әйелдің жағдайын зерттеуге бағытталған арнайы пәндер, курстар) берілді ме?

Сауалнамаға қатысушылардың 56 % гендерлік білім алмаған. Тек 15 % «Иә» деген жауапты атап көрсетті. 29 % гендерлік бағыттағы пәндерді оқыған, оқымағанын естеріне түсіре алмады. Гендерлік бағыттағы білімнен ең хабардар топ – Павлодар (23,6 %) және Алматы (23,4 %) қалаларының тұрғындары. Ал ең бейхабары Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты (76 %). Гендерлік курс өткен, өтпегенін ұмытып қалғандардың ең жоғары үлесі Астана қаласында (44 %). Әйелдердің де (58,6 %), ерлердің де (51,6%) көп бөлігі мектепте де, колледжде де, жоғары оқу орнында да гендерлік бағыттағы курстар өтпегенін алға тартты. Жауаптарды жас мөлшеріне қатысты саралау барысында да респонденттердің басым бөлігінің оқу ордаларында гендерлік бағыттағы курстарды өтпегеніне көз жеткіздік. Орта және арнайы орта білімі бар респонденттердің 57,2 %, ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар респонденттердің 55,3 % ондай курстар өтпеген. Өзге ұлт өкілдерінің 58,5 %, қазақтардың 57, 7 %, орыстардың 51,4 %, сонымен қатар ауыл тұрғындарының 60,2 % және қала тұрғындарының 54,6 % гендерлік бағыттағы курстар болмаған. Сауалнамаға қатысқандардың үлкен бөлігі (ауылдықтар 30,4 %, қалалықтар 29,2%) оқу ордаларында ондай курстарды оқыған, оқымағандарын ұмытып қалған.

Сіз ондай білімді қандай пәннің аясында алдыңыз?

Сауалнамаға қатысушылардың 84,8 % гендерлік теорияны қандай пәннің немесе курстың аясында оқығандарын айта алмады. Бұл дерек бізге алдыңғы сұрақ нәтижелерінің дәлеліндей болды. Гендерлік білім алғаны есінде қалған респонденттердің көбі социология (4,9 %) мен психологияны (4,5 %) атап көрсетті. Гендерлік білім саясаттану пәнінің аясында ең аз қарастырылған екен (2,6 %). Гендерлік білімді жоғары білімді респонденттердің 5,7 % психология, 5,3 % социология, орта және арнайы орта білімді респонденттердің 4,1 % социология пәнінің аясында алған. Этникалық деңгейде алғанда респонденттердің басым бөлігі аталмыш сұраққа жауап бере алмады (87,1 %, 86,4 %, 79,3%). Сондай-ақ қала тұрғындарының да (82,8 %), ауыл тұрғындарының да (91,6 %) көпшілігі бұл сұраққа жауап бермеді.

ҚР гендерлік теңдік стратегиясында гендерлік білімге оқытудың қажеттілігі атап көрсетілген. Онда тіпті БАҚ-тың гендерлік сезімталдығын өсіру шараларын қабылдаудың қажеттілігі де айтылған. Бірақ іс жүзінде қазақстандықтардың басым көпшілігі гендерлік білімге қол жеткізе алмайды, ол Қазақстанның ЖОО-да, колледждерінде, мектептерінде пән немесе курс, тіпті тақырыптық лекция түрінде де оқытылмайды. Гендерлік білімнің жоқтығының салдары ретінде «гендерлік линзалардың» қалыптаспағандығын көреміз. Бар болса, адам ондай көзілдірік арқылы шектеулерді, мұқтаждықтарды, ерлер мен әйелдердің құқықтарын көре алған болар еді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close