ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСУДА
Көршілес Сыр өңірінде түбі бір түркі жұртының рухани ордасы саналатын киелі Түркістанның тарихы таныстырылып жатыр.
Қызылорда қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Түркістан өлкесі» атты көшпелі көрмесі өтіп жатыр. Ашылу салтанатында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Баян Айтымбет көшпелі көрменің негізгі мақсатын түсіндіріп, Сыр елімен мәдени байланыстарды нығайту жұмыстарына тоқталды. Ал жиында сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Көзейбаев Сапар ашып, көрменің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жалпы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры толығып отырады. Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (қазіргі заман тарихы) бөлімінің ғылыми жинақтау жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар көненің көзі болған дүниелерді мәдени ошаққа өткізеді. Музейлерде жәдігерлердің барлық жағдайды ескере отырып сақтауға алынуы еліміздің, оның өзіне тән ерекшеліктерін, өзгеге ұқсамайтын болмысының болашақ ұрпаққа аман жеткізілуіне қажетті ең маңызды дүние екендігі анық. Себебі, кез келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі.
Аталған көрме Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Көрмеге Түркістан облысының археологиялық және этнографиялық мұрасы, зергерлік бұйымдар коллекциясы, ер қаруы – бес қару, қасиетті сәулет ескерткіштері, қазақтың гобелен өнері және ағаш ою өнері туындылары және ең басты жәдігер – Кенесары хан Қасымұлының түпнұсқа қылышы қойылып, Сыр жұртшылығы мен қонақтары назарына ұсынылды.
Айта кетейік, аталған көрме С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында 15 қарашаға дейін жалғасады. Онда көпшілік халқымыздың рухани-материалдық болмысын тану мен сақтауда маңызды тарихи жәдігерлермен таныса алады. Өскелең ұрпаққа төл тарихымызды баяндамумен қатар, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенеміз.