Қоғам

ҮКАША АТА ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

Үкаша ата кесенесі – Түркістан қаласынан 42 шақырым жерде, Бабайқорған ауылдық округінің оңтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Алғашқыда тек қабір орны болғанымен 1989-1990 жылдары жергілікті халықтың күшімен кесене тұрғызылған.

Ішкі жағынан өлшемдерінің ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті ойық терезесі бар. Аңыздарға сүйенсек, кесене шамамен VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) замандас болған ислам дінінің өкілі Үкаша атаға арнап тұрғызылған. Ескерткіш Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың сахабасы екен. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер сол сәтінде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп, жер асты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 метр белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді.

Бүгінде, Үкаша атаның кесенесі мен құдығы зиярат ету орнына айналды. Алдымен адамдар кесенеге дұға ету және бата алу үшін барып, содан кейін арқаны бар шелекпен құдыққа барады. Бұл жердің танымал болуы ғажап емес: батырға қатысты аңыз-әңгімелерден бөлек, құдықтағы суға қатысты да түрлі аңыздар тараған. Құдыққа су Меккенің өзінен келеді деген сенім бар. Бірақ құдықтан су алу оңай емес: бірі құдықтағы суға еш қиындықсыз қол жеткізіп жатса, енді біріне судың тамшысы да бұйырмай жатады. Құдықтан су алу мүмкіндігі адамның жандүниесіне байланысты деушілер де табылуда: күнәсі бар адам құдықтан бос шелек алса, ары мен жаны таза, сенуші адам – құдықтан суға толы шелек ала алады. Мұнда шелектің төрттен біріне, жартысына дейін жететін суды немесе суға толы шелекті алып шығып жататындар баршылық. Кейде адамның құдыққа түсірген бүтін шелегі, оны шығарған сәтте сынған, бүлінген күйде шығады екен.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close