ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНДАҒЫ ЭТНОФОЛЬКЛОРЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ДАМУЫ
Бүгінгі таңда музыкатану ғылымында Қазақстанның заманауи музыкасының типологиялық ерекшеліктерін сипаттап айқындау мәселесі жан- жақты қарастырылған.
Қазіргі қазақ эстрада өнерінің даму деңгейі кәсіпқой музыканттармен бірге музыкатану мамандарымен ғылыми бағаланып, талданып келеді. Мәселен, жеке аспаптың этнофольклорлық эстрадалық ансамбльдегі ролі мен маңыздылығы (домбыра, қобыз) жалпы түркі халықтарының эстрадасындағы ортақ даму тенденциялары айқындалды. Бірақ бұл төңіректе қарастыратын мәселелер әліде баршылық. Отандық эстрада ән өнерінің бастауы болған әуесқой әнмен байланыстың [139] сапа деңгейі [69] осы зерттеу жұмысына дейін сарапталды. Концептуалды тұрғыдан эстрада өнері мамандығынан жазылған тұңғыш PhD докторлық диссертацияларда [69, 70] Қазақстан эстрадасының алуан түрлі мамандықтармен (продюсер, дыбыс режиссері, имиджмейкер т.б.) сабақтас нарық көкжиегі, «артистизм», «эстрада өнері» мен «эстрадашылдық» дефиницияларының мазмұндық, этимологиялық түсініктемесі және т.б. мәселелерді қарастырды. Аталған еңбектер тұңғыш рет отанымызда эстрада жанрының даму ерекшеліктері мен кезеңдестіру сатысын ғылыми сараптаған құнды зерттеу жұмыстары болып табылады.
Отандық эстраданың даму сатыларын қарастырған өнертанушы Я. Кайсиди: Қазақстандық саз эстрадасының даму сапасының онжылдықтар сайын өзгеріске ұшырайтындығын айта келе, оның кезеңдерін ХХ ғасырдың 40-60-шы жылдарындағы халық әндерінің эстрадалық лайықтамаларынан соң, 70-ші жылдары эстрада өнерінде бетбұрысты «Дос Мұқасан» ансамблі қызметімен байланыстырды. Зерттеуші, ХХ ғасырдың 90-шы жылдары эстраданың кескін-келбеті «ұлттық нақыштағы» ән моделін қалыптастыруға бағытталды деп есептейді. Онымен қоса бұл кезеңде өнерге шоу бизнес нарығының заңдылықтары қосылып, эстрададағы көпвекторлы даму үрдісі көркем плюрализмге әкелгендігін атап көрсетеді. Зерттеуші Б. Мухитденова өз зерттеуінде жоғарыда аталған сатыларды кезеңдерге бөле отырып қарастырады. Зерттеуші, әсіресе ХХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХІ ғасырдың басындағы еліміздің эстрада өнерінің батыстандыруына (вестернизация) баса назар аударды. Онымен қоса, осы кездегі белең алған ұлттық келбетімен айрықшаланған саз эстрадасының күшті толқыны дербес этнофольклорлық ансамбльдер шығармашылығында жалғасын тапқаны аян деп тұжырымдады. Яғни, бастапқы сатылардағы (ХХ ғасырдың 30-60-шы жылдары) фортепиано, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған халық әндерінің еуропашаланған лайықтамасынан, немесе «фольклорлық стилизациясынан», ХХІ ғасырдағы ансамбльдердің шығармашылығындағы фольклорлық модернизацияға дейін жетілу жолын өткізгенін анықтайды. Міне, осы үдерістің бір тармағы – нақты дәлелдермен 1990-шы жылдарынан басталған этнофольклорлық ансамбльдер шығармашылығы ұсынылған диссертацияда арнайы, алғаш рет қарастырылғандықтан, тарихи дамуы эмпирикалық әдіспен зерттеп сипаттауды қажет етеді.
Осыған орай бұл тараушада Қазақстанның эстрада өнерінде этнофольклорлық ансамбльдік ұжымдардың алуан түрлері және алған бағыттары, ұжымдардың даму деңгейі мен жетістіктері арнайы ғылыми тұрғыдан сарапталмақ. Сонымен қатар этнофольклорлық өнер ұжымдарының даму көкжиегі мен стильдік бағыттарын сипаттау. Қазақ эстрадасының дәстүрлі саз өнерінің жаңа белесіндегі ансамбльдердің шығармашылық ізденістеріне жеке тоқталу.
Елімізде этнофольклорлық ансамбльдердің эстрадалық музыканың дара бағыты болып қалыптасуына өнердің негізгі екі саласы ерекше әсер еткен. Олардың бірі – ХХ ғасырдың 70-ші жылдарда құрылып, сахнада өз ерекшелігі мен айрықша болмыс-бітімін қалыптастырған фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер болса, екінші арнасы – вокалды-аспаптық ансамбльдердің (ВИА) негізі қаланып, дами бастауы. Міне, осы тарауда этнофольклорлық эстрадалық топтардың стильдік бағыттары мен жалпы үдерістің сара жолы қарастырылмақ. Зерттеуші C. Күзембаева [140] Қазақстан опера өнеріндегі ансамбльдердің ролін алғашқылардың бірі болып атап көрсеткен болатын. Ол, әсіресе, Е.Брусиловскийдің туындыларындағы ансамбльдердің бірте-бірте күрделену және бір дауысты унисоннан дамыған көп дауысты полифониялық (линеарлы, ленталық, контрапунктті, қосалқы) дауыс жүргізу құралдарына назар аударған. Кейін камералық дуэттерден соң (Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов т.б.) ХХ-ғасырдың 60-70-ші жылдарында алғашқы ВИА (вокалды-аспаптық ансамбльдердің) пайда болуын тек журналистика саласының мамандары жекелеген мақалаларында сипаттап жазды.
Алайда Қазақстан музыка өнерінің осы саласы кәсіпқой музыкатану мамандарының назарынан тыс қалып келеді. Қазақстандағы алғашқы фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі Н.Тілендиев жетекшілік еткен «Отырар сазы» оркестрі болды. Ұжым 1979 жылы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының жанынан әуелгі құрамы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ұлт аспаптар факультетін тәмамдаған 8 студент пен оқытушылардан құралған ансамбль болып, ал оның жетекшісі – зерттеуші, өнерпаз Б.Сарыбаев тағайындалды. Өнертану кандидаты Б.Сарыбаев 1964 жылдан бастап қазақтың көне музыкалық аспаптарын жинау әрі зерттеумен айналысқан. 1968 жылы ғалым шағын ұлттық музыкалық аспаптар ансамблін ұйымдастырады. Өзі тапқан 250-ден астам музыка аспаптарынан жеке мұражайдың ашылуына мұрындық болып, олардың көбін 1978, 1981 жж. жарық көрген «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында түрі, қатары, дыбыстық бітімі, ойнау тәсіліне қарай ғылыми сипаттап, жіктеп берген. Зерттеуші ансамбль шығармашылығында алғашқы адымынан-ақ ғылыми жолға қойылуын қамтамасыз етті.
Кезінде Отырар қаласынан табылған «саз сырнай» аспабының құрметіне Б.Сарыбаев ансамбльді «Отырар сазы» деп атағанды жөн көрген. 1982 жылы өнер ұжымы «Отырар сазы» оркестрі болып қайта құрылған соң, оның дирижері, оркестрді дүниежүзіне танытқан ұлы өнерпаз Нұрғиса Тілендиев басқарды. 1994 жылы Солтүстік Кореяда өткен Дүниежүзілік фестивалінде «Отырар сазы» оркестрі бірінші орын әрі алтын медальмен марапатталды. Оркестрдің негізін салушылардың бірі және дирижері қайтыс болған соң, 1999 жылы 5 қарашада оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің есімі, ал 2000 жылы – академиялық атақ берілді.
60-тан астам музыкант жұмыс жасайтын қазіргі оркестрде домбыра, шаңқобыз, шертер, қылқобыз, сырнай, саз сырнай, сыбызғы сияқты танымал дәстүрлі аспаптармен бірге, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау сияқты ұмытыла бастаған байырғы аспаптар да қатыстырылды. Ілкі заманның сырлы сарындарынан үйлесім тапқан оркестрдің аса бай төл көркем ұстанымы мен үйлесімді үндестігінде оның бірінші көркемдік жетекшісі әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің ролін атап өткен публицист Ю.Аравин: «Шындығында «Отырар сазы» – оның өз қолымен жасаған төл тумасы және оның композитор әрі орындаушы және дирижер ретіндегі шығармашылығының ең биік шыңы. Оркестр үшін алғашқы жетістік оның Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде лауреат атануы болды, одан кейін оркестр Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1985), Жамбыл атындағы Халықаралық қор сыйлығының лауреаты (1996) болды», – деуі көркем ұжымның даусыз жетістіктерінің көрсеткіші.
Аталған ұжым репертуары, негізінен, оркестрге лайықталған домбыраға арналған халық күйлері, кәсіпқой сазгерлер туындылары және қазақстандық композиторлардың халықтық нақыштағы шығармаларынан құралады. Дәлірек айтса, «Кеңес», «Сары өзен», «Сал күрең» халық күйлері, Тәттімбеттің Қосбасары», «Саржайлауы», «Сылқылдағы», Ықыластың «Қамбар батыры», М. Төлебаевтың «Еске алуы», сонымен бірге Н. Тілендиевтің оркестрге арнап жазған төлтума шығармалары: «Ата толғауы» поэмасы, «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» увертюралары, «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Әлқисса» «Қорқыт туралы аңыз», «Көш-керуен», «Махамбет», К. Күмісбековтің «Фараби сазы» сияқты халық мойындап, сүйіп тыңдайтын дүниелерден құралды. Ол туралы композитор Бақтияр Аманжолов оркестр орындайтын шығармалардың партитуралары «жылы, құлаққа жағымды, еркін, олардан қазақ даласының кеңдігінің бейнесі естіледі», деп тұжырымдайды.
Ұжым шығармашылығын арнайы жан-жақты зерттеген өнертану кандидаты А.Т.Айтуарова Н.Тлендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» оркестріндегі музыкалық аспаптардың тембрлері ұлт аспаптар үйлесімін жетілдірудің тәжірибелік алаңы, қазақтың бірегей үнін зерттеу орталығы болды деп бағалайды.
Қазақтың дәстүрлі музыкасына қызығушылықтың жандануына әйгілі музыка зерттеушісі, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков те айрықша зор үлес қосқан болатын. Ол бірнеше дүркін фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің ұйымдастырушысы ретінде осы құбылыстың елімізде жандануына ықпал етті. Ғалымның араласуымен «Шертер», «Ғасырлар пернесі», «Сазген», «Адырна» ансамбльдері құрылды. Сонымен бірге ХХ ғасырдың 80-ші жылдары Ө. Жәнібековтің қолдауымен «Алтынай» халық би ансамблі ұйымдастырылды.
Қазақ ұлт аспаптары мұражайының жанынан «Сазген сазы» фольклорлық- этнографиялық ансамблі 1981 жылы құрылғаннан бастап халық музыкасын насихаттауды мақсаты етті. Ұжым мүшелері көне музыкалық аспаптарды іздеп, қайта жаңғыртуға белсенді араласқандықтан, әрқайсысы бірнеше аспапты жіті игерген. Ансамбльдің сыбызғы, жетіген, саз сырнай, шертер және т.б. музыкалық аспаптары арасында ұмыт бола бастаған көне адырна, сазген, нарқобыз, яғни, бүгінде қайта қалпына келтірілген аспаптар ұжымрепертуарында қайта жаңғырды.
Халық күйлерімен қатар Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір сияқты кәсіпқой сазгерлердің шығармаларымен әрдайым толықтырылып, жаңартылған фольклорлық-этнографиялық ансамбль елімізде ғана емес, шет елдерде де жиі өнер көрсетуі, соның ішінде Швейцария, Югославия, Индия, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония, Корея, Голландия, Италия, Испания, Қытай, Австрия, Греция және Франция жұртшылығын тәнті етуі, ұлттық өнеріміздің туын шартарапқа асқақтатты.Ансамбль шығармашылығы жоғары талап деңгейінен шыға алатын көркемдік талғамымен, халық аспаптарында ойнаудың дәстүрлі ерекшеліктерімен, этнографиялық сызбалар бойынша тігілген сахналық қазақтың ұлттық киім үлгілерімен көзге түсті.