ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ КОМПАЗИТОРЛАРЫ-2
Түркістан топырағында дүниеге келген танымал компазиторлар туралы біле жүріңіз.
Сүгір Әлиұлы
1882 жылы туған, қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы – 1961 жылы сол жерде қайтыс болған – күйші-сазгер. Ықыластың шәкірті. Жастайынан елге «Домбырашы Сүгір» атанған. «Телқоңыр», «Майда-қоңыр», «Шалқыма», «Ыңғай тоқ», «Қосбасар», «Бес жорға», «Боз інген», «Ілме», «Ақжелең», «Амангелдінің бастамасы», «Аққу» т.б. күйлері бар. Сүгір домбырада оң бұрауды да, теріс бұрауды да қолданып, төкпе күй мен шертпе күйдің тамаша шебері болған. Сүгірдің шерту техникасы мен күй сарынында Сарыарқаның шертпе күйіне ұқсамайтын ерекше интонация бар.
Домбыраның үнін қобыз үніне жақындатып, Ықыластың көпте-ген күйлерін домбыраға түсірген. Сондықтан да болар әуендерде қобыз үні басым. 1964 жылы алғаш рет Сүгір күйлері халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетті,
1968–1969 жж. нотаға түсірілді. Сүгір күйлерін насихаттаушылар: Ж. Қаламбаев, Т. Момбеков, Ө.Бекенов, Ғ.Асқаров және т.б. Жазушы Т. Әлімқұлов Сүгір шығармашылығы туралы әңгімелер, ақын Б.Батырбекова «Күйші Сүгір» поэмасын жазды. Сүгір шертпе күйлердің шебері екені, оның есімі қазақ тіліне ерте танылғаны, шертпе күйлердің өткен ғасырдың басында үлкен сахнада кеңінен орындалғаны анық. Әлем әдебиетінде өнер иесіне түсетін тылсым күштер туралы аңыздар көп. Мысалы, «Еңбек мен күндер» поэмасының авторы Гесиод туралы аңыз бар: ол әулие Геликонның түбінде қой бағып жүргенде, музалар Гесиодқа ән айтуды үйретті, қолына лавр таяқшасын ұстатып шабыттандырады және оның бойына «ән айтуды дарытады». Бұл дәстүр қазақ халқына ертеден белгілі мифтік әңгіме. Оның аналогтары Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай т.б. ақын-жазушылардың тәңірден алған «қабілет-қасиеті» деуге болады. Бұл тұрғыда келесі ақпарат өте маңызды. «Бала Сүгір құмда жоғалған малын іздеп жүріп, ақ сақалды шалды кездестіреді. Ақ сақалды абыз Сүгірді шақырып алып, «сен күйші болады деп сенемін» деп бата береді.
Батырхан Рыспанбетов
Күйші, сазгер, Бәйдібек өңірінің тумасы. Мектеп жасынан музыка, композиторлық ұғымдарына жақын болып, Саз колледжіне оқуға түседі. Кейін жоғары білімін Алматыдағы консерваторияда жалғастырып, кәсіби дайындықпен айналысты. Бірақ жоғары білім алған ол басқа өнер адамдары сияқты Алматыда қалып қоймай, алған білімін туған жерге қызмет етуге ұмтылды. 34 жыл ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттері ерен еңбегін ақтап келеді. 17 күйдің авторы әуезді әннен де алыс емес еді. Батырхан Рыспанбетов. Келесі жоспары да осы композиторлық жолға бағытталған.
Мұхтар Құралов
Композитор, белгілі ақын Мұхтар Құралов туған жері Мақтаарал өңірінің құрметті азаматы. 1947 жылы 5 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында туған. Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген (1969–1973). Еңбек жолын орта мектепте (1973–1980) бастады. 1980 жылдан бастап, мәдениет саласындағы мәдениет үйінде аға инспектор, директор қызметтерін атқарды. «Айтамын десең өзің біл» ән жинағының және «Айдай әсем Мақтаралым» (2003), «Ақ алтынды ауылым», «Алпысқа келді бір ақын» жыр жинағының авторы.
1978–1994 жылдар аралығында аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, бірнеше жүлделі орындарды иеленіп, лауреат атанды. 1990 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық байқауда бірінші жүлдені жеңіп алды. «Бойджеткен», М. Шахановтың сөзіне жазылған «Мені неге Мұхтар қойған? «Жароков көшесіндегі кездесу», М. Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бесік жыры», И. Сапарбаевтың сөзіне жазылған «Лалагүл», өзі сөзін де әнін де жазған «Бұлқынды жүрек», «Ақ тілек», «Шырайлым», «Арал толғауы», «Алтынай», «Туған жер», «Желтоқсан құрбаны», «Айдай әсем Мақтаралым», «Қалқам-ай», «Балапаным ең», «Балапаным балғыным», «Аңсағаным» әндері ел аузында.
Тұрдықылыш Ізтаев
1973 жылы еңбек жолын Шымкент қаласындағы Мәдениет институтында бастаған. Ұстаздық пен сазгерлікті қоса алып жүрген өнер иесінің «Нұрикамалдан» бөлек өнерпаздың атақты туындылары көп. Мәселен, «Бір жүрек бір жүрекке керек екен», «Қайдасың», «Жүрек сыры» сияқты әндер ел арасында кеңінен айтылып жүр. Тұрдықылыш Ізтаевтың қазақ және орыс халық аспап-тарына сіңірген еңбегі зор екенін ұзақ жылдар бойы бірге қызмет еткен әріптестері айтады.
Қазақстан Композиторлар одағы облыстық филиалының директоры. Шымкент музыка училищесін (1968), Құрманғазы атындағы консерваторияны (1973), Ленинградтағы Н. К. Крупская атындағы мәдениет институты жанындағы асперантурасын (1993) бітірген. 1973-1994 жж. әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының халық аспаптары кафедрасының доценті. 1994 ж. Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптар оркестрінің дирижері. 20-дан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Әндері «Махаббат-өмір» деп аталып жеке альбом болып шықты. Халықаралық, республикалық және аймақтық байқаулардың лауреаты. Облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталып, облыс әкімінің «2000 жылдың үздік композиторы» атанды.
Құралай Сәтмұхамбетова
1951 жылы 8 қаңтарда Семей облысы, Абай ауылында дүниеге келген. Кейін отбасылық себептермен оңтүстікке қоныс аударып, Шырайлы шымқалада жұмыс істейді. Түркістан облысы Композиторлар одағы филиалының бөлім меңгерушісі, 150-ге жуық әннің авторы. Сазгердің «Ақ гүлдер», «Алтынай», «Ару ана», «Сені көргім келеді», «Елім аман» әндері халық арасында кең тараған.
Жұбаныш Жексенұлы
1974 жылы 23 ақпанда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ынтимақ ауылында дүниеге келген. Жұбаныш 8 сыныпта оқып жүргенде қара домбырамен Мәскеуде өткен халық-аралық балалар байқауына қатысқан. Әншінің анасы Бақытжамалдың айтуынша, Жұбаныш бала кезінен музыканы жақсы көрген. Ол да кәсіпқой футболшылар сияқты футбол ойнайтын көрінеді. 1991 жылы Жұбаныш Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірді. Жетісай қаласындағы Г. Мұратбаева атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжді бітірген.
1998–2001 жылдары аталған колледжде музыка жетекшісі, 2001–2005 жылдары Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі болып қызмет атқарды. 2006–2013 жылдары Алматыға келіп, «Қазақ әуендері» АҚ жанындағы мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінде қызмет етті. 2005 жылы продюсер Бағлан Омаровтың жетекшілігімен «Өкінбе сен» әніне бейнебаян түсіріп, көп ұзамай ән-жинағы жарық көрді.
2002 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-10 жыл» мерекелік медалімен, 2011 жылы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Жұбаныш Жексенұлы әншіліктен бөлек тележүргізуші ретінде де танымал. «Екі жұлдыз», «Ұлттық шоу», «Қазақтың жүз әні» сияқты бағдарламаларды жүргізді.