ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫ МЕН ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік инвесторлар мен компания басшыларымен ресми кездесу өткізді.

Бұл іс-шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, жаңа жобаларға қолдау көрсету және өңір экономикасының әртараптандырылуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылды. Форумға шақыртылған шетелдік инвесторлар мен қонақтар Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеді. Сонымен қатар, олар облыстың өндірістік әлеуетімен танысып, жаңа инвестициялық жобаларға қатысуға қызығушылықтарын білдірді, өз тәжірибелерімен бөлісті және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға ниеттерін айтты.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров облыстың стратегиялық артықшылықтары мен экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, инвесторлар үшін Түркістан өңірінің ерекше мәнін атап өтті. «Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Мұнда еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың үлесі 33,7% деңгейінде, бұл аймақтың кадрлық әлеуетін арттырып, инвесторларға тұрақты және білікті еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өңірдегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің 85 пайызы тасымалданады. Бұл дәліз халықаралық саудаға шығудың жаңа мүмкіндіктерін беріп, экспорттық әлеуетті айтарлықтай арттырады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сиань қаласындағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар транзиттік әлеуетімізді одан әрі күшейтеді. Бұл жағдай инвесторларға ұзақ мерзімді жоспар жасауға, логистикалық шығындарды азайтуға және тауарларды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, Нұралхан Көшеров инвесторларға арналған инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі баяндады. «Облыста индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер бар, олардың әрқайсысында дайын ғимараттар ұсынылады. Инвесторлар бұл ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу құқығымен пайдалана алады. Арнайы экономикалық аймақта да инвестициялық мүмкіндіктер мол. Инвестициялық ахуал өте қолайлы және біз маңызды жобаларды толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өңірде өндіріс орындарын көбейтіп, экономикалық белсенділікті арттыру. Түркістан облысының географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті және кадрлық ресурстары инвесторларға тиімді және тұрақты жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді әкім.
G2B форматында өткен кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясының делегациясы мен басқа шетелдік инвесторлар ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, энергетика, логистика және білім салалары бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Әрбір ұсыныс нақты жобалық шешімдерге негізделген, соның ішінде күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және туризм саласындағы бірлескен жобалар бар. Барлық ұсыныстар мұқият зерделеніп, тиісті мемлекеттік және жеке сектор органдары арқылы іске асыру жолдары қарастырылады.
Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейту басымдыққа ие. 2025–2028 жылдарға арналған жоспар бойынша өңірде 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалардың толық іске асуы 23 915 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 10 айдың қорытындысында облыс капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. 2025 жылға тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 475 млн АҚШ доллары деп бекітілсе, II тоқсан қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Осы кездесулер мен келіссөздер Түркістан облысына инвестиция тартуды күшейтіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға жаңа серпін берді. Шетелдік инвесторлармен орнатылған байланыстар өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық деңгейде іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Түркістан облысының стратегиялық орналасуы, кадрлық әлеуеті және дайын инфрақұрылымы инвесторларға сенімді және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға сенім сыйлайды.



