TITF-2025: САЙРАМ АУДАНЫ ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты.

Форум барысында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды нығайтуға бағытталған нақты қадам болып отыр.
Бірінші меморандум — «KUZOV KARABULAK» ЖШС мен DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасындағы келісім. Жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Бұл өндіріс Сайрам ауданы үшін ауқымы үлкен бастама болып табылады. Жоба іске асырылған жағдайда 500 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылады. Сонымен қатар, өндірістік қуаты мен технологиялық деңгейі өңірдегі автомобиль саласының дамуына серпін беріп, Қазақстанның логистикалық және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Инвестицияның тартылуы тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, сонымен бірге жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға, кәсіби мамандарды даярлауға және өндірістік стандарттарды көтеруге мүмкіндік береді.
Екінші меморандум «Qazaq Air Tecnology» ЖШС мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технологияларды пайдалана отырып, сапалы кірпіш өндіру өндірісін іске қосуды көздейді. Орнатылған құрал-жабдықтар зауытқа ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі құрылыс материалдары нарығын қамтамасыз етеді. Жобаның құны – 1 млрд теңге. Жобаның іске асуы Сайрам ауданы мен жалпы Түркістан облысының құрылыс саласына жаңа серпін береді, импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті шикізат пен ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Бұл екі меморандумның маңыздылығы экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Жоба аясында өндірістік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа технологиялар енгізіледі, мамандардың біліктілігі артады. Сонымен қатар, жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын нығайтуға септігін тигізеді. Сайрам ауданының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер жобаларды тұрақты қолдауға дайын екенін жеткізді.
Форумда көтерілген тақырыптардың бірі – өңірде өндіріс орындарын көбейту, жаңа технологияларды енгізу және заманауи өндіріс стандарттарын қалыптастыру. Қытай инвесторлары Сайрам ауданының индустриалды инфрақұрылымын, кадрлық әлеуетін және логистикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, жобаларды жүзеге асыруға нақты инвестициялық шешім қабылдады. Мұндай ынтымақтастық ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл меморандумдар Түркістан облысының жалпы индустриалды стратегиясына сәйкес келеді. Өңірде 2025-2028 жылдарға арналған 111 инвестпроекттер пулы қалыптасқан, олардың толық іске асырылуы 23 915 жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынған, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сайрам ауданында жүзеге асқан жобалар осы мақсатқа нақты үлес қосады.
Түркістан облысының басшысы жобалардың тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, қоғамға пайдалы болуын, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді, жаңа өндірістерді енгізуді, технологиялық стандарттарды арттыруды және экспорттық әлеуетті күшейтуді басты мақсат деп атап өтті. Бұл бастамалар ауданның ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді және өңірді инвестициялық тұрғыдан тартымды етеді.
Форум барысында тараптар өндіріс саласындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру, тиісті мемлекеттік және жеке сектор қолдауын қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, кадрларды даярлау және әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыру мәселелерін де талқылады. Осы келісімдер Сайрам ауданының экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрақты индустриалды өсімге негіз болмақ.
Жалпы, TITF-2025 халықаралық инвестициялық форумы Сайрам ауданы үшін тек инвестиция тарту алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдің стратегиялық дамуына ықпал ететін маңызды оқиға болып саналады. Инвесторлармен жасалған келісімдер ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, заманауи өндірістерді енгізуге және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастық ұзақ мерзімді перспективада ауданның тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етеді және халықаралық деңгейде инвестициялық тартымдылығын арттырады.



