ТҮРКІСТАНДА ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСЫП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРДІ БАҒАЛАДЫ
Түркістан облысында инвестициялық саясатты жүйелі түрде жүзеге асыру, өндіріс көлемін ұлғайту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасып келеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, шетелдік инвесторлармен тікелей байланыс орнату, нақты өндірістік алаңдарды көрсету және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру негізгі басымдықтардың біріне айналған. Осы мақсатта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация Түркістан қаласындағы бірқатар өндірістік парктер мен индустриалды аймақтарды аралап, олардың жұмысымен жан-жақты танысты.
Сапар барысында шетелдік компания өкілдеріне өңірдің инвестициялық әлеуеті, өнеркәсіптік инфрақұрылымы, қолдау тетіктері және өндіріс ашуға арналған дайын алаңдары кеңінен таныстырылды. Делегациямен бірге болған Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары өңірдің экономикалық мүмкіндіктері, индустриалды аймақтардың артықшылықтары мен инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Алдымен жұмыс тобы «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймағында болды. Бұл аймақтар өңірдегі өндірістік әлеуеттің негізгі тіректерінің бірі саналады. Делегация «Түркістан Текстиль» ЖШС-нің мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысып, шикізатты терең өңдеу, дайын өнім шығару және экспортқа бағытталған өндіріс тізбегінің қалыптасуын жоғары бағалады. Сонымен қатар құбыр шығаратын зауыт пен бір реттік ыдыс өндіретін «Dala pack» кәсіпорнының технологиялық үдерістері көрсетіліп, өндірістің қуаттылығы, жұмыс орындары және өнім өткізу нарықтары туралы нақты мәліметтер берілді. Шетелдік кәсіпкерлер өндіріс орындарының инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне, инженерлік желілердің қолжетімділігіне және мемлекеттік қолдау шараларына оң бағасын білдірді.
Аралау жұмыстары Түркістан қаласының маңындағы шағын өндірістік паркінде жалғасын тапты. Бұл парк шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа өндірістерді іске қосуға арналған әмбебап алаң ретінде танылып отыр. Мұнда инвесторларға жиһаз шығаратын зауыттар, тұрмыстық тоңазытқыш өндіретін кәсіпорын, есік жасайтын цехтар мен заманауи дрондар құрастыратын өндіріс орындарының жұмысы таныстырылды. Әр кәсіпорынның өндірістік циклі, қолданылатын технологиялар, еңбек өнімділігі және кадрлық әлеуеті жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймасының мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі көрсетілді. Бұл нысандар агроөнеркәсіп кешені мен өндіріс арасындағы өзара байланыстың айқын көрінісі ретінде ұсынылды.
Кездесулер барысында инвесторларға Түркістан облысында инвестиция салушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық және кедендік жеңілдіктер туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру кезінде әкімдік тарапынан сүйемелдеу тетіктері, рұқсат құжаттарын алу мерзімдерін қысқарту және кадр даярлау мәселелері де талқыланды. Шетелдік делегация өкілдері өңірдің өндірістік әлеуетін жоғары бағалап, бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Айта кету керек, Қытайдың және басқа да елдердің ірі компания өкілдері Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысып, форум аясында өңірдің дамуына серпін беретін бірнеше жобалар бойынша ынтымақтастық меморандумдарына қол қойды. Бұл құжаттар өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу, құрылыс материалдары мен жоғары технологиялар саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.
Форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыру, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды нығайту, өндіріс орындарының санын арттыру және кәсіпкерлік саласын дамыту болды. Осы мақсат аясында биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізілді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасы, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылып, нақты инвестициялық ұсыныстар пысықталды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда өңірде 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Мұның өзі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өндірістік әлеуетті күшейтуге зор ықпал етпек. Шетелдік компания өкілдерінің өндірістік парктерді аралауы мен нақты нысандармен танысуы Түркістан облысының инвестиция үшін тартымды өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



