ҚАЗАҚСТАН ТАЯУ ШЫҒЫСТАН АЗАМАТТАРЫН ЭВАКУАЦИЯЛАУҒА ДАЙЫН
Аймақтағы жағдайдың күрт ушығуына байланысты Қазақстан Таяу Шығыста жүрген өз азаматтарын елге қайтару мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Министрлік тәулік бойы жұмыс істеп, шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен тұрақты байланыс орнатқан. Шиеленіс аймағындағы Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Қазіргі таңда азаматтарға консулдық және құқықтық көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ өңірде жүрген қазақстандықтардың, соның ішінде әуежайлар мен транзиттік аймақтарда отырған азаматтардың тізімі нақтыланып жатыр. Жедел ақпарат беру үшін мессенджерлерде арнайы чаттар ашылған. СІМ мен шетелдегі мекемелерде «жедел желі» іске қосылған.
Дипломаттар туристік компаниялармен бірлесіп, әуежайларда қалып қойған азаматтарды орналастыру және ұйымдастыру мәселелерін шешуге көмектесуде. Сонымен қатар ықтимал эвакуация бағыттары мен тетіктері қарастырылуда.
Министрлік мәліметінше, өңірдегі қазақстандықтардың нақты санын анықтау қиын, әсіресе транзитпен жүрген азаматтарға байланысты. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.



