9 ЖАСАР БАТЫР: БЕЙБАРЫС ӨРТТЕН ЕКІ БАУЫРЫН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ!
Батыс Қазақстан облысында 9 жасар Бейбарыс есімді бала ерлік көрсетіп, өрт шыққан үйден екі інісін құтқарып қалды. Оқиға ақпан айында болған.

Сол күні ата-анасы жұмыста болғандықтан, Бейбарыс үйде інілеріне қарап қалған. Кенеттен электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, үйдің іші қою түтінге тола бастаған. Айналаны жалын шарпыған сәтте кішкентай бала абдырап қалмай, батыл әрекет еткен. Өзінің қорқынышын жеңе білген Бейбарыс алдымен інілерін қауіпсіз жерге алып шығуды ойлаған. Ол екі бауырын кезекпен сыртқа шығарып, олардың өмірін аман сақтап қалды. Осылайша 9 жасар бала нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті. Бейбарыс — бес балалы отбасының екінші перзенті. Өрттен кейін отбасы уақытша коммуналдық пәтерге көшкен. Қазір олар сол жерде тұрып жатыр. Көпшілік кішкентай баланың батылдығына тәнті болып, оған алғыс пен жылы лебіздерін білдіруде. Осындай қиын сәтте өз өмірін қатерге тігіп, бауырларын құтқарған Бейбарыстың ерлігі көпке үлгі болары сөзсіз.



