Forbes жаңа тізімді жариялады: Қазақстандағы миллиардерлер саны көбейді
Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің жаңа рейтингі жарияланды. Forbes Kazakhstan ұсынған 2026 жылғы ең дәулетті 75 бизнесмен тізімі елдегі капитал иелерінің құрамында елеулі өзгерістер болғанын көрсетті.

Биыл кәсіпкерлердің жалпы байлығы өткен жылғы 57,5 миллиард доллардан 60,84 миллиард долларға дейін жеткен. Сарапшылар мұны елдегі ірі бизнестің қайта құрылуы мен жаңа салалардың күшеюімен байланыстырады. Әсіресе цифрлық технология, құрылыс, сауда және логистика бағытындағы компаниялардың ықпалы айқын байқала бастаған.
Рейтингтің алғашқы орнына Kaspi.kz экожүйесінің негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Кимжайғасты. Оның дәулеті 7,8 миллиард долларға бағаланған. Ал екінші орында 5,9 миллиард доллармен Владимир Ким тұр. Үшінші орынды 5,4 миллиард доллар көрсеткішімен Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Болат Өтемұратов өзара бөлісті.
Биылғы рейтингтің басты ерекшелігі — қазақстандық миллиардерлер қатарының кеңеюі болды. Forbes-тың жаһандық тізіміне алғаш рет Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев енді. Нұрлан Смағұловтың байлығы 1,3 миллиард доллар деп бағаланса, Айдын Рахымбаевтың капиталы 1,1 миллиард долларға жеткен. Басылым мұны шикізаттық емес секторлардың дамуының белгісі ретінде бағалап отыр. Әсіресе автокөлік өндірісі мен құрылыс саласындағы ірі жобалар соңғы жылдары инвесторлар назарын өзіне аудара бастаған.
Тізімде жаңа есімдер де пайда болды. Соның бірі — 35 жастағы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп. Ол рейтингтің 22-орнына бірден енген ең жас қатысушы атанды. Сонымен қатар SCAT әуе компаниясының серіктесі Владимир Сытник пен құрылыс және білім беру саласындағы кәсіпкер Айғазы Құсайынов та биылғы тізімге алғаш рет кірді.
Forbes мәліметінше, 2026 жыл ірі активтердің иелері ауысқан кезең ретінде де есте қалуы мүмкін. Биыл «Қазақмыс» корпорациясы мен «Транстелеком» секілді стратегиялық маңызы бар компаниялар төңірегінде ірі мәмілелер жасалған. Сарапшылар мұны Қазақстандағы үлкен капиталдың қайта бөліну процесі жүріп жатқанымен байланыстырады. Кейбір бизнес топтар жаңа нарықтарға ауысса, енді бірі цифрлық экономикаға белсенді инвестиция сала бастаған.
Мамандардың пікірінше, қазіргі рейтинг ел экономикасының өзгеріп жатқан құрылымын көрсетеді. Бұрын негізгі байлық мұнай, металл және табиғи ресурс арқылы жиналса, қазір технология, сервис, құрылыс және қаржы секторындағы кәсіпкерлер де алдыңғы қатарға шығып жатыр. Бұл Қазақстан экономикасының біртіндеп әртараптанып келе жатқанын аңғартады.



