Без рубрики

ТОҚАЕВ ПЕН БЕЛЬГИЯ КОРОЛІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипптің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтті. Кездесулер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, өзара тиімді серіктестікті дамыту және алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Президент Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандарды Астанада қарсы алу өзі үшін зор мәртебе екенін айтып, сапардың қоғамда үлкен қызығушылық тудырғанын атап өтті. Қазақстанға келген делегация құрамында Үкімет пен аймақтық билік өкілдері, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Мемлекет басшысы Король Филипптің тақ мұрагері кезінде Қазақстанға үш рет келгенін еске алып, оның екі ел арасындағы байланысты дамытуға деген ұмтылысын жоғары бағалады.

«Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санаймыз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын атап өтті. Осы уақыт ішінде екі мемлекет шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз байланыс орнатқанын жеткізді.

Президенттің пікірінше, тұрақты саяси диалог екіжақты ынтымақтастықтың берік негізіне айналған. Ол Бельгияның даму тәжірибесін жоғары бағалап, елдің жетістіктерін үнемі назарда ұстайтынын айтты.

Мемлекет басшысы бұған дейін Бельгияға жасаған сапарын да еске алды. Сондай-ақ биыл маусым айында Бельгияға барған кезде Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, екі тараптың да серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растағанын атап өтті.

Өз кезегінде Король Филипп пен Патшайым Матильда көрсетілген қонақжайлық пен құрмет үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығын білдірді. Король Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне және халықаралық аренадағы беделіне арнайы тоқталды.

Филипптің айтуынша, Қазақстан Бельгия үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірі үшін де маңызды мемлекет саналады. Осы сапар аясында елімізге келген ауқымды делегация екіжақты байланыстың түрлі бағытта дамуына ықпал етпек.

Король екі елдің 35 жыл ішінде берік қарым-қатынас орнатқанын айтып, дипломатиялық қатынастардың мерейтойын бірге атап өтуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге сенім білдірді.

Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевтың тығыз жұмыс кестесіне қарамастан делегациямен кездесуге уақыт бөлгенін жоғары бағалап, көрсетілген ілтипат үшін алғыс айтты.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің маңызын тағы бір мәрте атап өтті. Президент Король Филипптің елге қызмет ету жолындағы еңбегіне тоқталып, Бельгияның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның қоғамдағы түрлі қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған тәжірибесіне де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан үшін де қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, әр азаматтың ел болашағына үлес қосуына мүмкіндік жасау айрықша маңызды.

Президент Бельгияның кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға бағытталған саясатын үлгі ретінде атап өтті. Сондай-ақ Король әулетінің бизнес өкілдеріне көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Патшайым Матильданың да қоғамдық бастамаларға қосқан үлесіне тоқталды. Әсіресе балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын арттыру және адамның қадір-қасиетін құрметтеу бағытындағы қызметін ерекше атап өтті.

Жалпы, Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы жылы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өту екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға қосымша серпін бермек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close