ДАРИҒА БАДЫҚОВАНЫҢ АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАДЫ
Актриса Дариға Бадықоваға қатысты даулы сот ісінде апелляциялық сот шешімі шықты.

Заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың мүддесін қорғаған іс бойынша сотта тағы да жеңіске жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Инга Иманбай бұл шешімді құқықтық ұстанымның заңды әрі дәлелді болғанының көрінісі деп бағалады. Заңгердің сөзінше, бұл іс журналистің кәсіби қызметі мен сөз бостандығына қатысты маңызды мәселе болған.
«Кейде журналистерге қарсы қысым азаматтық талаптар арқылы жасалады. Біз Нұрсейіт Жылқышыбайдың сөз бостандығы мен кәсіби құқығын қорғадық. Бірінші сотта да, апелляцияда да жеңіп шықтық. Заң эмоциямен емес, дәлелмен жұмыс істейді», — деп жазды Инга Иманбай.
Сот қаулысына сәйкес, Дариға Бадықованың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Осылайша, алғашқы сот шешімі өз күшінде қалды.
Аталған даудың туындауына журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевпен жасаған сұхбаты себеп болған. Сұхбат барысында Дархан Мұсаев бұрынғы отбасылық өмірі туралы, оның ішінде асырап алған бала мәселесі мен Дариға Бадықованың жеке өміріне қатысты мәлімдемелер жасаған еді. Бұл сұхбат қоғамда қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын.
Қоғамда резонанс тудырған бұл іс сөз бостандығы, журналистік этика және жеке өмір құпиясы арасындағы шекара туралы пікірталасты қайта күшейтті. Бір тарап журналистің ақпарат тарату құқығын алға тартса, екінші тарап жеке өмірге қатысты мәліметтердің жария болуына қарсы пікір білдіріп келеді.
Әзірге Дариға Бадықова тарапынан сот шешіміне қатысты ресми қосымша мәлімдеме жарияланған жоқ.



