АСТАНАДА БІР ЖАСАР БАЛА АУРУХАНАДА ТУБЕРКУЛЕЗ ЖҰҚТЫРҒАН
Астанадағы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем қабылдаған бір жасар бүлдіршінге туберкулез диагнозы қойылып, оның ауруды медициналық қызметкерден жұқтыруы мүмкін деген күдік туындады. Қазір бұл дерекке қатысты ресми тексеру басталып, отбасы заңгерлердің көмегіне жүгінген.

Баланың әкесінің айтуынша, биыл сәуір айында 1 жас 1 айлық ұлы ауыр пневмониямен аталған ауруханада бес күн емделген. Дәрігерлер қажетті ем жүргізгеннен кейін сәби сауығып, үйіне шығарылған.
Алайда арада біраз уақыт өткен соң осы ауруханада жұмыс істеген мейіргерден туберкулез анықталғаны белгілі болған. Осыған байланысты медицина мекемесі сол кезеңде ем қабылдаған науқастарды қосымша тексеруге шақырған.
Тексеру барысында балаға алғашында Манту сынамасы мен Диаскинтест жасалып, екеуі де оң нәтиже көрсеткен. Кейін компьютерлік томография кезінде өкпесінен күмәнді өзгеріс анықталған. Дәрігерлер мұны бастапқыда пневмониядан қалған із болуы мүмкін деп бағалап, екі апта бойы антибиотикпен ем тағайындаған.
Алайда қайта жүргізілген компьютерлік томография нәтижесінде жағдайдың өзгеше екені белгілі болып, дәрігерлер балаға «сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің біріншілік туберкулезі» деген диагноз қойған. Қазіргі уақытта бүлдіршін шұғыл түрде туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылмақ.
Баланың әкесінің сөзінше, арнайы комиссия бастапқыда медициналық қорытындыны беруден бас тартқан. Сонымен қатар олар баланың анасы 12 жыл бұрын туберкулезбен ауырғанын алға тартып, ауру сол кезден жұғуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда отбасы бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялайтынын ескерткеннен кейін ғана қажетті медициналық қорытындыны қолына алған.
Қазір отбасы заңгерлермен бірлесіп, құқықтық шараларды қолға алған. Ал Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.
Оқиғаның барлық мән-жайы тексеру нәтижесінде анықталмақ. Денсаулық сақтау саласының құзырлы органдары тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беретін болады.



