ШЫМКЕНТ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА
Бүгін Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысын оның төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне сәйкес, кеңес мүшелері «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басмқарма төрағасы Бауыржан Канкиннің есебін тыңдады. Бауыржан Тоқболатұлы 9 айдың ішінде негізгі капиталға тікелей инвестиция тарту бойынша «Шымкент» ӘКК» АҚ-ының республикадағы барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың арасында бірінші орынға шыққанын алға тартты. Оның айтуынша, инвестициялардың негізгі бөлігі тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларына тартылған.
Кеңес мүшелері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы осыдан 2 жыл бұрын сатып алынған автобустардың әлі күнге дейін жолаушыларға қызмет көрсетпей отырғанын айтып, алаңдаушылығын білдірді. Осыған байланысты корпорация басшысы аталған автобустардың жеке кәсіпкерлердің меншігіне өткізіліп жатқанын және таяу уақытта қаланың қоғамдық көлік жүйесіне қосылатынын атап өтті.
Айта кетейік, кеңесте босаған орындарға Эльмира Созақбаева мен Жарқынбек Құрманбек бірауыздан сайланды.