ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ӨНЕР МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы жаңа Өнер мектебі пайдалануға берілді.

Бұл нысан өңірдің әлеуметтік және рухани инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарып, оны халық игілігіне бағыттау жөніндегі нақты тапсырмасының нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие.
Жаңа өнер мектебінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Салтанатты жиында сөйлеген сөздерде әлеуметтік нысандардың елді мекендерде бой көтеруі ауыл өмірінің сапасын арттырып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына кең мүмкіндік беріп отырғаны атап өтілді.
Аймақ басшысының бірінші орынбасары өз сөзінде бұл өнер мектебінің құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын ерекше атап өтті. Жобаға 870 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Бұл қаржы нақты бір ғимарат салумен шектелмей, ауыл балаларының болашағына салынған инвестиция ретінде бағаланды. Мемлекет басшысының «қайтарылған әрбір актив халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс» деген қағидасы дәл осы нысан арқылы нақты іске асып отырғаны айтылды.
Өнер мектебінің құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталып, желтоқсан айында толық аяқталды. Қысқа мерзім ішінде сапалы әрі заманауи талаптарға сай салынған ғимарат бүгінде 300 оқушыға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда балалардың музыкалық білім алып, шығармашылық қабілетін дамытуына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта мәдени іс-шаралар мен концерттер өткізуге арналған 150 орындық кең зал бар. Сонымен қатар кітапхана, топтық дайындық сыныптары, ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған арнайы кабинеттер және музыкалық аспаптарды сақтауға арналған бөлмелермен толық жабдықталған.
Екінші қабатта дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесіне арналған залдар, түрлі музыкалық бағыттағы үйірмелер, халық аспаптарына арналған сыныптар, шағын сахна және сахналық жабдықтарды сақтайтын қойма орналасқан. Бұл мүмкіндіктер балалардың тек музыкалық білім алып қана қоймай, шығармашылық жобалармен айналысуына, сахналық мәдениетін қалыптастыруына және кәсіби бағытта дамуына жол ашады.
Жаңа ғимараттың салынуы бұрыннан қордаланған үлкен мәселені толық шешті. Өнер мектебі бұған дейін 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайдағы ескі ғимаратта жұмыс істеп келген. Соңғы жылдары ол ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл оның жобалық қуатынан екі-үш есе артық болған. Сонымен қатар 45 мұғалім тар, суық әрі техникалық тұрғыда ескірген бөлмелерде еңбек етіп келді. Жаңа мектептің пайдалануға берілуі осы қиындықтардың барлығын түбегейлі жойды.
Темірлан ауылындағы жаңа өнер мектебі – ауылдың мәдени өмірін жандандыратын, өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыратын маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда балалар музыкамен қатар хореография, сахналық өнер бағыттары бойынша да білім алып, заманауи студияларда шығармашылық әлеуетін еркін дамыта алады. Бұл ауылдық жерлердегі балаларға қаладағы замандастарымен тең дәрежеде білім алуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, бұл жоба мемлекетке қайтарылған активтердің қоғамға нақты пайда әкеліп отырғанының айқын дәлелі болып отыр. Заңсыз иемденілген қаражат енді жеке мүддеге емес, көпшілік игілігіне қызмет етуде. Әсіресе білім мен мәдениет саласына бағытталған мұндай нысандар ұзақ мерзімді әлеуметтік әсерге ие.
Айта кету керек, елімізде мемлекет меншігіне заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайтарылған қаражат еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік нысандар салуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталуда. Осы механизм арқылы Түркістан облысында бүгінде 30-ға жуық жоба мен нысан қаржыландырылып отыр. Олардың қатарында елді мекендерді ауыз сумен қамту, медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, білім және мәдениет саласындағы жобалар бар.
Темірлан ауылындағы өнер мектебінің ашылуы – Президент бастамаларының өңірлерде нақты нәтижеге айналып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Бұл нысан ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елдің рухани әлеуетін күшейтуге де өз үлесін қосатыны сөзсіз.



