Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Бұл шара өңірдің аграрлық саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген еңбек адамдарына көрсетілген шынайы құрметтің көрінісіне айналды. Ауыл шаруашылығы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тіректерінің бірі болып саналады. Сондықтан бұл мереке тек кәсіби дата ғана емес, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін ұлықтайтын маңызды күн ретінде аталып өтті.

Мерекелік іс-шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген шаруалар өз өнімдерін ұсынып, жалпы көлемі 300 тоннадан асатын ауыл шаруашылығы тауарлары тұрғындарға қолжетімді бағамен сатылды. Табиғи көкөніс пен жеміс-жидек, бақша өнімдері, ет және сүт өнімдері, қайта өңделген азық-түлік түрлері жиналған жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірушілерді қолдауға, отандық өнімнің үлесін арттыруға және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар іс-шара барысында өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалар мен өнімдер таныстырылды. Көрмеде Түркістан облысында өндірілетін экологиялық таза, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдері қойылды. Бұл агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, қайта өңдеу саласын дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығару бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетті.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамыту, аграрлық саланы қолдау және еңбек адамдарының мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының, азық-түлік қауіпсіздігінің және ауыл халқының әл-ауқатының негізі екені айтылды.

Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласы жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылап отырғанын жеткізді. Республика бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биылғы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 183 миллиард теңгеге немесе 21 пайызға артқан. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша облыс республикада көш бастап тұр.

Аймақ басшысы мақта бағасының экспортқа тәуелділігі жыл сайын өзекті мәселе болып отырғанын атап өтіп, осы бағытта мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңі басталғанын айтты. Алдағы бес жылда дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру арқылы мақта бағасының сыртқы нарыққа тәуелділігін жою көзделіп отыр. Бұл бастама өңір экономикасына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Мерекелік жиында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды мемлекеттік және салалық наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» ордені, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, облыс әкімінің дипломдары табысталды. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамдары ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар – жылдар бойы маңдай терін төгіп, ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтардың еңбегіне берілген әділ баға.

Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Әлімжанов, Әйгерім Қалаубаева, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым өнер көрсетіп, мерекелік кештің сәнін арттырды. Бұл да еңбек адамдарына арналған құрметтің бір белгісі ретінде қабылданды.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Өңірде су үнемдеу технологиялары 59 мың гектар жаңа алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар жерге егілді, нәтижесінде өнімділік екі есеге артты. Мақта-тоқыма кластерін дамыту аясында жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын бес ірі жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар арқылы мақта өнімділігін үш есеге арттырып, жеті мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл өңірдегі жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, бұл көрсеткіш республика бойынша жалпы көлемнің 76 пайызына жетті. Мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша да Түркістан облысы республикада жетекші орында тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. 2025 жылдың 10 айында 27,2 мың тонна ірі қара мал еті және 20 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру мақсатында қайта өңдеу саласына басымдық беріліп, мақта, жүгері және ет бағыттары бойынша кластерлік даму қолға алынған. Бұл бастамалар арқылы 2026 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 миллиард теңгеге ұлғайту көзделуде. Сонымен қатар 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың Жол картасы бекітіліп, жалпы құны 295,5 миллиард теңгені құрайтын 78 жоба жүзеге асырылмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close