ЖОҒАЛҒАН ЖІГІТТІҢ МӘЙІТІ ҚҰДЫҚТАН ШЫҚТЫ: АУЫЛДА АДАМ ШОШЫРЛЫҚ ҚЫЛМЫС ТУРАЛЫ АЙТЫЛУДА
Бірнеше күннен бері ауыл тұрғындарын үрейде ұстап отырған жұмбақ оқиғаға қатысты тың мәліметтер айтылуда.

Жергілікті халықтың сөзінше, 30 мамыр күні жоғалып кеткен жігіттің мәйіті 1 маусым күні түсте ауыл ішіндегі құдықтардың бірінен табылған.
Тұрғындардың айтуынша, марқұмның денесі адам шошырлық жағдайда болған. Белгісіз біреулер оны өз төсегіне орап, қол-аяғын байлаған күйде құдыққа тастап кеткен деген болжам бар. Ауыл адамдары бұл жағдайды қатыгездікпен жасалған қылмыс деп бағалап отыр.
Куәгерлердің сөзінше, мәйіттен зорлық белгілері байқалған. Атап айтқанда, марқұмның басынан ауыр соққы алғаны және мойнында қылқындыру ізі болғаны айтылуда. Алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми сараптама қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
Тұрғындардың алаңдауына тағы бір себеп — мәйіт табылған құдықтың жігіттің үйінен аса алыс болмауы. Ауыл адамдарының сөзінше, құдық марқұм тұрған үйден шамамен 400 метр қашықтықта, келесі көшеде орналасқан.
Қайғылы жағдайдан кейін ауыл ішінде түрлі болжамдар көбейген. Әлеуметтік желіде де оқиғаға қатысты әртүрлі пікір таралып жатыр. Жергілікті тұрғындар істің әділ тергелуін және күдіктілердің тез арада анықталуын талап етуде.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ресми ақпараттың жариялануы күтілуде.



