ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ Ы.АЛТЫНСАРИН МЕКТЕБІНДЕ
Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы аясында Шымкенттегі Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда денешынықтыру кафедрасының ұйымдаструымен қазақ спортының саңлақтары, ел мақтаныштарымен кездесу өтті.
Мектеп оқушылары бокстан әлем чемпиондары және білікті бапкермен сұқбат құрды.
Біржан Жақып – қазақ боксшылары ішінен үш бірдей Олимпиада ойындарына барған жалғыз боксшы. Шымкенттік оғлан 2005 жылы 23 жасында Мьянмада өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленді.
Қайрат Ералиев — әлем чемпионатының алтын жүлдегері (2017) және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері (2015, 2017). Халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Сакен Бибосынов — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатының алтын жүлде иегері.
Ерекше қонағымыз Мырзағали Құланұлы Айтжанов — Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушы, КСРО чемпионы, жастар арасындағы Еуропа чемпионы, ОҚО-ның үздік жатықтырушысы (2008), ОҚО-ның жыл адамы (2007 ж.), Шымкент қаласының құрметті тұрғыны (2008 ж).
Жиында ел мақтаныштары жастарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, өмірлік кеңестер беріп, спортпен шұғылдануға үндеді, жастарды салауатты өмір салтын сақтауға, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстап, елге пайдасын тигізетін іспен айналысуға шақырды.
Мектеп қабырғасынан спорттың түрлі сайыстарына қатысып жүрген оқушылар ел мақтаныштарына өздерін мазалаған сұрақтарын жолдады. Кездесу екі жақтық еркін форматтағы диолог түрінде жалғасты.
Бокс майталмандарының жалынды әңгімелерін тыңдаған жастар бүгінгі күннің батырларына ризашылығын білдіріп, жеңісті сәттері көп болуын тіледі.