БІЛІМ ҰЯСЫН ДАРЫНДЫЛАР ҰЯСЫНА АЙНАЛДЫРҒАН БАСШЫ
Арман Орынбеков. Бұл есім шымкенттіктер үшін жақсы таныс. Ол «Асар» шағын ауданындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры. Аталған мектепке Арман Орынбеков 2012 жылы басшы болып бекітіледі. Сол кезде аталған білім ұясы жалпы орта мектеп мәртебесінде болған. Кейіннен көпті соңына ерте алатын көшбасшылық қасиетке ие Арман Орынбековтың бастамасымен қол жеткізілген нәтиженің арқасында 2020 жылы «мектеп-гимназия», кейіннен «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы» мәртебесіне көтерілді.
Ұжымды ілгері жылжытқан Арман Орынбеков мектепті 15 жасында, жоғары оқу орнын 19 жасында тәмамдаған дара жігіт ағасы. Ұстаздар династиясының өкілі бүгінде шебер педагог, педагогика ғылымының магистрі, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры дәрежесін алған. Алған атақтары осымен түгесілмейді. Ол 2019 жылы еліміздің «Үздік педагог» байқауының 10 финалисінің құрамына кірсе, 2020 жылы TEACHER PRIZE KAZAKHSTAN ұйымдастырған «ӘЛЕМ МҰҒАЛІМІ-2020», «ӘЛЕМ МҰҒАЛІМІ-2021» әлемдік жүлделерінің іріктеу кезеңдеріне қатысқан.
Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ» құрметті атағын тұңғыш рет иеленген ұстаз ретінде есімі ерекшеленді. Одан өзге ол «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Шымкент қаласының «Үздік мектеп директоры» номинациясы мен «Білім саласының үздігі», ОҚО «Үздік ұстаз-2009», Шымкент қаласы бойынша «Үздік ұстаз-2007» және «Үздік жас ұстаз-2006» номинацияларының жеңімпазы атанған. Арман Шымбайұлының «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 авторлық оқулығы мен оқу-әдістемелік құралдарын еліміздің ұстаздары пайдаланып келеді. Алғаш еңбек жолын бастаған 1997 жылдан бүгінге дейін қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары, ғылыми жоба, түрлі байқауларда оның 150-ден астам оқушысы жүлделі орындарға ие болған.
Бүгінде ол қаладағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Аталған мектепке директор болғаннан бастап бүгінге дейін білім ордасынан 60 «Алтын белгі» мен 40 «Үздік аттестат» иегері шықса, 9-сынып оқушыларының 60-ы «Үздік аттестат» алған. Сондай-ақ, аталған мектептің 700 түлегі мемлекеттік грантты иеленген. Мұндай жоғары көрсеткішпен №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы қаладағы ең үздік мектеп қатарына енді.