#Мереке

ТОҒЫЗ АЙДА 200 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Бүгін — Құтқарушылар күні. 1995 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған азаматтық қорғау қызметіне биыл 26 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері халықтың қауіпсіздігін сақтауға күш салып, қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Бүгінде азаматтық қорғау саласында Шымкент қаласы бойынша 900-ге жуық адам еңбек етуде. Төтенше жағдайлар қызметі осы жылдың 9 айында өртке, жол-көлік оқиғасына, табиғи, техногендік және басқа да төтенше жағдайларға байланысты 2 мыңнан аса шақыртуға шыққан. Қызмет бабында олар 200-ге тарта адамды құтқарса, 30 шақты адамды қауіпсіз жерге шығарған. Бір тәулікте 180 адам кезекшілікке түседі, 57 техника дайындықта болады. Күн сайын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 30 -ға жуық шақыртуға шығады.

Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Олар төтенше жағдай болған кезде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылады. Бұл іс кез келген адамның қолынан келе бермейтіндігі анық. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен біліктілік сондай-ақ, тәжірибе керек.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері қалалық төтенше жағдайлар департаментінің үш қызметкері жұмыс барысында ерлікпен қаза тапты.

Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан Бақыт Алпысбаев 1988 жылы Шымкент мұнай өнімдері зауытында болған өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан. Ал, 2014 жылы «Планта» ЖШС-дегі тілсіз жау Жұлдызбек Есенәлиевтің өмірін жалмаса, 2016 жылы Төлеби ауданындағы тау шатқалында адасып қалған туристерді құтқару кезінде өмірін қатерге тіккен Жомарт Сәрсенбеков отбасына қайта оралмаған.

Кәсіби мереке күні қызметтік борышын адал атқарып жүрген азаматтық қорғаныс саласының 30 қызметкері «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Шымкент қаласы әкімінің және мәслихатының «Алғыс хаттарымен» және басқа да салалық наградалармен марапатталды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close