Қоғам

ТУРИЗМ ТҮРКІСТАННЫҢ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛАДЫ

Түркістан қаласында жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру, қалаға туристерді тарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қаланың аумағы кеңейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр.

Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру, әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Түркістан қаласын дамыту бағытында 2019 жылы 23 нысанның құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңға әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллион адамға дейін жетеді деп болжануда. «Керуен Сарай» туристік кешені ашылып, оған алыс жақын шетелдерден саяхаттап келушілер саны күн санап арта түсуде.

Жеке инвестициялар есебінен республикада теңдесі жоқ көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешеніне – 88 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Мұндағы шығыс үлгісінде салынған бірегей кешенде қолөнершілері бар жабық базарлар, шығыс базары, сауда орталықтары, гондола қайықтарының жүзуіне арналған су арналары, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда мұнда 600-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

Таяуда «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылады. Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржол жобасы жүзеге асырылмақ.

Туризмді халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақты келісімге қол қойылды. Биыл Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржолдың жобасы жүзеге асырылатын болады. Бұл жобаны іске асыру екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң әсер береді. Оның сыртында зияратшы саяхатшылар Арыстанбап, Ясауи кесенелерін аралаған соң, Өзбекстандағы Бұхара, Самарқан қалаларына да кідірмей жете алатын болады.

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындары қызмет көрсетуде. Қазақстандағы туризм саласындағы кадрлардың қажеттілігін және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ескере отырып, Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылған.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының тарихи орталығында жергілікті халықпен туристерге облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынатын «Қабылдау Орталығы» ашылған. Онда туристер тек қана ақпарат алып қана қоймай, өңірдің тарихымен және қаладағы орналастыру, тамақтану орындары бойынша ақпараттар ала алады.

Қазіргі таңда туризм индустриясы қала бюджетіне қомақты қаржы түсіріп қана қоймай, қонақүйлер, көлікпен тасымалдаушылар, дәмхана, мейрамхана, түрлі қызмет көрсету салалары да сапалы қызмет көрсетуімен табысын тасыта түсуде. Киелі шаһардың кешенді дамуына ықпал ететін туризм индустриясының болашағы жарқын.

Такси сервисі заман талабына сай

Түркістан шаһарында такси қызметін пайдаланушылар аз емес. Қалаға келетін туристердің санын ескерсек, такси қызметі негізгі табыс көзіне айналғандай. Қазіргі таңда Түркістанда таксиге арналған қосымшалар өте көп. Ең бірінші «Яндекс» таксидің белгілеген нақты құнын ұсынып көрейік. «Яндекс» демекші, әзірге қаламызда Яндекс такси, Индрайвер, Регион такси қызметтері кең тараған сенімді такси қызметтерінің бірі болып табылады. Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм» бөлімінің басшысы Т.Қыдырбаевтың берген мәліметінше, қаламыздағы жаңа «Яндекс» таксиінің бірнеше жыл бойы танымал болғаны сонша, ол қаладағы такси қызметінің көшбасшыларының бірі болып саналады.

(Аталмыш такси қызметі 2011 жылдың 26 қазанында іске қосылған саяхатты онлайн брондау қызметі. Пайдаланушылар такси.«yandex.ru» сайтында, Yandex.Taxi қосымшаларында көлікке қоңырау шала алады немесе телефон арқылы тапсырыс бере алады. Бүгінде Яндекс Такси қызметі 18 елде қолжетімді).

Сонымен, таксидің ең төменгі бағасымен таныстыра кетсек, (3 мин және 1 км қоса алғанда) – 200₸. Ең төменгі құны 200₸ аспайды. Тегін күту – 3 мин. Ақылы күту – 30₸/мин аспайды. Әрі қарай қалада – 50₸/км, 15₸/мин артық емес. Қала сыртында 80₸/км аспайды. Қала сыртында 25₸/мин аспайды. Жолда күту 30₸/мин аспайды.

Яндекстегі қызметтер туралы ақпарат таксидің байланыс деректерін ғана емес, сонымен қатар көлікке отырудың ең төменгі бағасын және километрдің кейінгі бағасын қамтиды. Сондай-ақ, такси қызметіне алдын ала қоңырау шалып, диспетчерге барлық сұрақтарыңызды сұрауға болады. Такси қызметтерінің тарифтері әртүрлі болуы мүмкін. Қызметтердің ең жоғары құны төмендейтін және өсетін коэффициенттерін есепке алмай көрсетіледі.

Қызметте көрсетілген жол жүрудің болжамды құны такси қызметтерінің тарифтеріне, төмендететін немесе жоғарылататын коэффициенттерді пайдалануға байланысты, қызметті пайдалану шарттарында көрсетілген жағдайларда өзгертілуі мүмкін. Сондай-ақ сапар барысында баратын жері өзгерген жағдайда жолаушының өтініші бойынша және басқа жағдайларда тоқтайды.

2013 жылы пайда болған Индрайвер таксиінің қызметі де көпшілікке белгілі. Сонымен қатар, төлемдер тікелей жолаушылардан жүргізушілерге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Бұл жүйеде шығындарды азайтуға және төмен тарифтерді сақтауға мүмкіндік береді.

Аталған жәйттардан кейін такси қызметінің сапасы қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Облыс орталығы болған соң такси қызметін бір стандартқа келтіріп, алдағы уақытта такси жүргізушісі үшін де, жолаушы үшін қолайлы әрі тиімді жағдайдың жасалатынына да сенімдіміз. Өйткені қаламызда талай шаруаның атқарылып, нәтижелі болып жатқанына куәміз.

Заманауи қонақ үй саны көбейіп келеді

Бүгінде шаһардың түрленуі көп дүниеге оң ықпалын тигізуде. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық саланың маңызды бір бұтағы  қонақ үй қызметі дамудың жаңа бағытын жасап жатқандай. Анықтап айтқанда қаламыз облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Демек, турист көп болса, қонақ үй де жеткілікті болғаны, сонымен қатар ең бастысы сапасы да соған сай болғаны абзал. Осыдан сәл ғана бұрын үлкен қалалардағы қонақ үйлердің сыртқы келбеті, тіпті олардың теледидардағы көрінісінің өзі талайымызды тамсандырушы еді. Бүгінде бәрі қадам аттасаң көз алдымызда.

Сонымен қаламызда үлкенді-кішілі, арзанды-қымбатты 50-ден астам қонақ үй бар. Олар орналасқан орындарына, бағасы мен көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай бөлінетіні белгілі. Әлбетте қонақ үй бизнесінде бәсекелестіктегі басымдықтарды арттырудың басты жолдарының бірі басқаларға қарағанда барынша жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету. Осыған орай тұтынушы алдымен сайт бетіндегі жарнамадан қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет көңілден шықпаса, міндетті түрде сайтта шағым-пікірін қалдыру арқылы ойын білдіреді, ал күткендегідей болса әрине, болашақта тағы келеді әрі келушілерге ұсына жүретіні анық. Әзірге бәсекелестік жағынан қаламызда «Hampton by Hilton» қонақ үй кешені, «Rixos Turkestan», «Grand Khanaka», «Silk Way», «Royal Grand», «Karavansaray Kaganat», «Ramada Turkestan», «Эмир Плаза» қонақ үйлері көш бастап тұр. Олар біріншіден, айналасындағы жаңадан салынған әсем көріністермен көз тартса, екіншіден соңғы үлгідегі жоғары дәрежелі қонақ үйлер. Мұнда әдемі бөлмелермен қатар on-site entertainment (сайт бетіндегі жарнама), тегін таңғы ас, күнделікті тазалау, лифт, Wi-Fi, су спорты, массаж, сауна, спа, фитнес орталығы, экскурсия, автокөлікті тегін қою орындары, кафе-ресторан қызметтері ұсынылады. Сондай-ақ жиналыс, конференция залдары, мерейлі даталар мен іс-шаралар өткізетін мейрамханалары бар. Алайда бұлардың бағасы «айды аспанға шығарғандай» екені жасырын емес. Мысалы, Karavansaray Kaganat қонақ үйінде тәулігіне жәй ғана 75 000-нан басталса, орналасқан бөлмедегі терезеден Керуендегі бассейн көрінісі көрінгені үшін құны он есеге (!) дейін көтеріле беретіні таңдандырды.

Сондай-ақ қаламыздағы «Hampton by Hilton» қонақ үй кешенінің қызметі де жоғары деңгейде, ол үшін белгіленген құны да аз емес. Тұтынушыларды дәмді тағамы, жанды музыкасы, қаланың ең әсем жерінде орналасқаны үшін қызықтырады.

Ал Rixos Turkestan қонақ үйінде сәнді де жайлы бөлмелермен қатар караоке бар, жабық бассейн, аумақта, бөлмелерде тегін интернет сервистері қызметі үшін тәулігіне 60 000-нан және одан жоғарылай береді.

Жақында ғана ашылып, пайдалануға берілген Ramada Turkestan қонақ үйінің қызметіне де алғыс айтушылар аз емес. Мұндағы ресторан, жалпы лаундж, спа-салон, сауықтыру орталығы келушілердің көңілінен шығып үлгерді. Комплекс аумағында банкомат ашық. Тамақ, сусындар нөмірге жеткізіледі. Тіпті валюта айырбастау қызметі де қарастырылған.

Жалпы барлық жоғары сапалы қонақ үйлерде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталу міндеті жайлы айтудың өзі артық. Бұл басты орында. Күтуші персонал да қазір айтарлықтай білікті, арнайы оқу курстары мен өзін-өзі дамыту арқылы олардың қызметіне аса көп шағым жоқ.

Соңғы үлгідегі қонақ үйлермен қатар қаламызда бұрыннан қызмет етіп келе жатқан қарапайым қонақ үйлер баршылық. Олар да облыс атына «кір келтірмей» қызмет етудің бар жолын қарастырып жатқаны байқалады. Атап айтсақ, «Эдем», «Евразия», «Алтын ұя» т.б. қонақ үйлер шағын қызметімен, ең бастысы санитарлық-гигиеналық талаптарымен, сыпайы қызмет көрсету персоналымен халық көңілінен шығуда.

Сонымен қаладағы біршама қонақ үйлердің бағасы мен қызметіне шамалап шолу жасай келе, облыс мәртебесіне ие қаладағы аталмыш қоғамдық орындардың бағасы шарықтап тұрғаны шындық. Бұл қалтасы көтеретін, жоғары лауазымды қызметкерлерге аса ауыр тие қоймас. Ал, сонау алыстан Ясауи бабаның басына тәу етіп қайтуды мұрат еткен немесе шаһарға шаруаларымен келіп қайтатын қарапайым жандардың басым бөлігінің қалтасына оңай соқпасы анық. Мұндайда оларға ыңғайлы, бағасы да қолайлы хостелдер қызметі бар. Бұл орындар өз деңгейінше қызмет етуде. Олардың қатарында Шымкент трассасы бойында орналасқан «Болатбек», Т.Рүстемов көшесіндегі «Руми», Б.Саттарханов даңғылындағы «Караван» хостелдері бар. Мұнда да келушілерге асхана, автотұрақ, интернет, кір жуу орындары қызметі ұсынылған әрі қалтаға қолайлы.

Десе де, үлкен қалалардан келіп, түрлі қонақ үйлерді көрген «тісқаққан» тұтынушылардың айтуынша, «Отандық қонақ үй сервисі мен қызмет көрсету сапасы жоғарғы дәрежеде деп айтуға әлі ерте. Әсіресе персоналдың қызмет көрсету сапасына мол дайындық қажет», – дейді.

Расында, мейманхана шаруашылығын дамытуда мақсат еткендей биік жетістіктерге жету үшін осы сала мамандарының білім деңгейін, қызмет түрін арттыру ешқашан артықтық етпейді. Бұл саладағы қызмет адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас екені белгілі. Сондықтан қонақтардың көңілінен шығатындай қызмет ету үшін жоғары дәрежеде қызмет көрсету қажет. Туристер үшін аз уақытқа болса да қонақ үй ақылы өз үйі болып саналады. Ал үйде адам өзін жақсы сезініп, бар жағдайы жасалып тұрғанын қалайды. Міне, сол үшін бұл салада біліктілігің мен тәжірибелігің аса қажет. Осыларды ойдағыдай орындап, қонақ мейлінше риза болып қайтса, оның ойында тек қонақ үй туралы ғана емес, бүкіл қала туралы жақсы ой-пікір қалыптасып, көкейінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз.

Тәтті асқа сұраныс көп

Бүгінде, шүкір дейік, облысымыз дамып, көркейіп, сан түрлі құрылыстар салынып, қарыштап жатқандықтан қаламызда түрлі мейрамханалардың, кафелердің, асханалардың, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің де көбейіп жатқаны белгілі. Қазіргі таңда Түркістан қаласында үлкенді-кішілі 65-тен астам мейрамхана-кафелер өз қызметтерін халыққа тиісінше ұсынып отыр.

Алыстан менмұндалап тұратын ерекше үлгідегі аталмыш орындар ішкі интерьердің әдемілігі, тартымдылығы, қызмет көрсетуі мен ұлттық тағамдардың саналуандылығы жағынан бірінен-бірі қалыспай келе жатқаны аңғарылады. Тіпті стильдік интерьерлердің, неоклассикалық жиһаздар мен пастелді түстердің түрлерінен көз шағылысса, гастрономиялық мәзірлер мен ұлттық тағамдардың саналуандылығынан да жаңылысуға шақ қаласың. Мұны мейрамхана-кафелердің облысқа сай болу үшін сервистік қызмет көрсету сапасының, түрлі тәжірибенің және ең бастысы аспаздардың біліктілігінің артқаны деуге болады.

Бұл жөнінде халыққа түрлі қызмет көрсету кешенін және «Эдем» ресторанын қаламызда алғаш болып ашқан білікті кәсіпкер Мухаббат Ибрагимова былай дейді: «Рас, қаламызда мейрамхана, кафе сияқты қоғамдық орындар көп ашылуда. Олардың қызмет көрсету сапасы да жақсы жолға қойылған. Бұл бір жағынан, қаламызға жыл сайын туристердің көптеп келуіне байланысты соған лайықты болу үшін деңгейдің артқанын көрсетсе, екіншіден кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді.

Десе де, мейрамхана ашу ісі оңай емес. Бұл алдымен мол қаражатты, ізденісті, жауапкершілікті, зор еңбекті талап етеді. Кез келген кәсіп өз брендін қалыптастыру үшін біршама қиындықтардан өтеді, онымен күреседі, жеңіледі, тек мақсат қойып, алға нық ұмтылған жан ғана барлығын жеңеді деп білемін. Сол сияқты біздің отбасылық кешенді ашуда да қиыншылықтар аз болған жоқ. Нарық заманына ілесе отырып, ресторанның жоғары деңгейде қызмет көрсетуіне барынша жағдай жасадық.

Жалпы, мейрамхана ашу үшін барлығына жіті көңіл бөлу керек, ең алдымен бармағынан бал тамған жақсы аспаздың осы кәсіптің ілгерілеуінде маңызы зор. Әр мейрамхананың өзінің тұтынушы іздеп келетін сүйікті асы, яғни аталмыш асхананың ерекшелігін білдіретін өз фирмалық тағамы болады. Мысалы, бір тұтынушымыз баклажаннан дайындалатын тағамдарымызды ұнататыны сонша, ол тек сол тағам үшін біраз жылдан бері мейрамханамызға үзбей келіп тұрады. Сол секілді кәуәптің ерекшелігі үшін бас сұғатын тұрақты тұтынушыларымыз бар. Сонымен қатар, осы тағамды әкеліп беретін тәжірибелі даяшының, сыпайы әкімгердің, ресторан ішін заманауи безендіретін дизайнерлердің еңбектері зор. Міне, осылардың барлығын үйлестіріп, көзін таба білген адамдардың мейрамхана және қонақ үй бизнесінде жолы болады деп ойлаймын. Өзіме кезінде үлкен қалаларда ойлаған кәсібімді ашу туралы ұсыныстар түскен болатын. Бірақ «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен ол кезде кішкентай болса да кәсіпті осы Түркістанымызда ашайық, қаламызды әсем бір нысанмен толықтырып, алдағы уақытта дамуын көрейік», – деп ниеттеніп, бүгінде қаламыздың осындай дәрежеде дамып келе жатқанының куәсі болғаныма ерекше қуанамын».

Ендеше «қоғамдық орындардың қызметіне көңіліңіз тола ма?» деген сауалды біраз студент жастарға, ұжыммен кафеге түстенуге баратын әріптестерімізге де қойып көрдік.

Жақында жаңадан ашылған «Сандық» дәмханасына барып, ерекше таңданысын білдірген Саулені тыңдап көрейік: «Еліміз қонақ күтіп, той-жиын өткеретін орыннан кенде емес. Таяуда, «Сандық» дәмханасына барып, ерекше стильдегі мейрамханалардың ашылып жатқанына тәнті болдым. Қазақтың тағамдары мейрамхана бизнесіне ыңғайлауға келмейді деген стереотип бар еді. Қаяқтааан?! Қазақтың ұлттық тағамдары біздің білетінімізден де көп болған екен. Соны мейрамханаға бейімдеп жасалғанын көріп қуандым. Мысалы, дәмханада ет, сүт, құрт, ірімшік, малта, дәнді дақылдардан жасалған тағам түрлеріне көз сүрінеді. Мұның бәрі иммунитетімізге пайдалы. Ата-бабаларымыз кезінде осы тағамдарды жақсы үйлестіре білген, сондықтан ағзамызда дәрумендер жеткілікті болған екен. Бауырсақ, шелпек, тәттінің түр-түрі назарымызды аудартты.

Мұнан бөлек, ұлттық нақышта жасалған интерьер: қазақтың тақыр-түкті кілемдері, оюлы жастық-көрпешелері, денсаулыққа пайдалы ағаш ыдыстары, айтып өткен тағам түрлері дәмхананы ерекшелендіріп тұрғаны жасырын емес. Құдды бір бұрынғы заманда өмір сүріп жатқандай, солардың кейіпкерлерінің біріндей сезінесің. Сондағы оюлы түкті кілемдерді үйме-үй аралап жинаған дейді. Идеядан терең ізденіс пен еңбекқорлық сезіліп тұр. Біз риза болып қайттық».

Мирас, студент: «Біз достарымызбен мерекелерде, туған күндерде «Мята» кафесіне жиі барып тұрамыз. Ол жер жайлы және қызмет көрсетуі де тамаша. Қонақтарды қуанту үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Асханасы дәмді, жастарға өте ыңғайлы. Атмосферасы жайлы болғандықтан, сонда біраз достар таптық. Олардың да көпшілігі сол жерге барғанды ұнатады».

Гаухар апай, дүкенде сатушы: «Мен қаламызда мейрамхана, тамақтану орындарының көптеп ашылғанына қуанамын. Себебі, біраз студенттердің, жастардың қосымша жұмыс істеулеріне мүмкіндік бар. Тойханаларда жұмыс істеп жүрген біраз таныстарым қаражатпен қоса, үйлеріне артылған тамақты да алып қайтатындарын қуанып айтып жатады. Демек, мұның халыққа пайдасы мол. Мейрамханалардың табыстары мол болған соң, көптеп ашылып жатқан болар. Түркістандықтар қонақжай халық, түсте де, кешке де жиын өткізіп жатады. Оның игілігінің бір ұшын қарапайым халық та көруде.

Кейде жаңадан ашылған орындардың кемшілігі байқалады. Даяшылардың қызмет көрсетуі, тағамдарының дәмі сияқты шағымдар болмай тұрмайды әрине. Бірақ «көштің жүре түзелетінін» ескерсек, бір-бірінің артықшылықтарын, жетістіктерін көріп, түзеледі, үлкен қалалардағыдай мінсіз қызмет көрсету жағдайына жетеміз, – деп ойлаймын».

Осылай, біраз кафе, асханалардың жағдайын біліп, жақсысын түртіп, жақсыға жетпегендерінің алдағы уақытта жақсарып кететіндеріне сенім арттық. Ал, сіз, қай мейрамханаға жиі баруды ұнатасыз, ерекшелігін айта отырыңыз, оқырман!

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close