Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАЛҒАН ЕКІ БАЛА ТАБЫЛДЫ

2024 жылғы 27 маусымда сағат 11:00-де Түркістан облысы ТЖД кезекші бөліміне Созақ ауданы Таукент елді мекенінде 2008 жылы туылған екі баланың қой бағуға шығып қайта оралмағандары туралы хабарлама келіп түсті.

Сағат 11:00-тен бастап іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы жедел құтқару жасағының 4 құтқарушысы, 1 техникасы және 1 кинологиялық есеп, Түркістан облысы ТЖД 14 қызметкері мен 3 техникасы, оның ішінде тепловизоры бар 2 пилотсыз ұшу аппараты, Полиция департаментінің 33 қызметкері, 40 жергілікті тұрғын және еріктілер жұмылдырылды. 2024 жылғы 28 маусымында оқиға орнына ТЖМ «Қазавиақұтқару» Еврокоптер тікұшағы тартылды. Құтқарушылар күшімен 28 маусым күні сағат 16:00 де жоғалған жасөспірімдер «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ аумағынан табылды. Медициналық көмек қажет етпеді жасөпірімдерді Таукент ауылының маңындағы штабқа тікұшақпен жеткізу жүзеге асырылуда.

Адасып кеткен жағдайда төмендегі ережелерді естен шығармаңыз.

Егер сіз алыс жолға шығуды жоспарласаңыз жалғыз бармаңыз.Төтенше жағдайда жалғыз қалған өте қауіпті. Сондықтан кемінде екеу болып жүрген жөн. Одан бөлек сапар алдында туыстарыңыз бен таныстарыңызға ескертіп кетіңіз. Жүретін жолыңызды, бағытыңызды міндетті түрде жоспарлағаныңыз жөн.

Картадан жүріп өтетін жолыңызды сызып, алдын-ала дайындалыңыз. Сызбаның көшірмесін туыс-танысқа беріп кетіңіз. Бұл сіз жоғалған жағдайда іздеу жұмыстарына жақсы көмектеседі. Одан бөлек, керек-жарақтың бәрін алып шығыңыз. Қалташам, қағаз карта, шағын каремат немесе төсек қап, жаздыгүні шықсаңыз да жылы киім, пышақ, сіріңке сияқты төтенше жағдайда керек болатын заттың барлығы сөмкеде болғаны дұрыс.

Қажетті ережелерді қатаң сақтасаңыз да адасып кетпеуіңізге ешкім кепілдік бермейді. Адасып кеткеніңізді білсеңіз:

Үрейге бой алдырмаңыз

Адамдар әдетте кешқұрымда адасады. Түн жақындаған сайын үрей көбейе береді. Мұндайда дүрлігіп қорқа беруге болмайды. Адасып кеткеніңізді ертерек сезінсеңіз, нақты іске көше бастайсыз. Азық, суды үнемдеп, салқынқанды боласыз. Тау ішінде мобильді байланыс болмайды. Десе де ауық-ауық әлсіз болса да байланыс пайда болуы мүмкін. Ең бірінші 109 нөміріне хабарласып, өзіңіз білетін барлық ақпаратты айтыңыз.

Ашық жерге шығыңыз

Сіздің жоғалып кеткеніңізді білетін адамыңыз болса, құтқару қызметіне хабарласып, іздеу жұмыстары басталатынына сеніңіз. Сондықтан ашық жерге шығып, күтіңіз. Бұл ағаш арасында, жоталардың қуысында жүргеннен жақсы. Құтқарушылардың тауып алу ықтималдығы артады.

Ұйқыға бой алдырмаңыз

Адасқан адам шаршап, ұйықтап кетуі мүмкін. Қалың ұйқыға кеткен адам құтқарушылардың дауысын естімей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан түнгі уақытта от жағып, барынша сергек болу керек.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close