ТҮРКІСТАН ТЕК ТУРИСТЕР ҮШІН ЕМЕС
Түркістанның облыс орталығы болғанына төрт жылға таяп қалды. Осы уақыт аралығында рухани астананы бірнеше әкім басқарып үлгерді. Әрине, олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты десек артық айтпаймыз. Айналасы, бірнеше жылдың ішінде көне қала жаңаша түрленіп, туристер ағылатын орталыққа айналды. Шынында қаланың кіре берісі адам танымастай ажарлы кейіпке енген. Әдеміні әрі қарай әрлей беруге болады. Ал, тоз-тозы шығып, шаңы көкке бұрқыраған шағын аудандардың жайы не болып жатыр?
Нұрбол Тұрашбеков Түркістан тағына жайғасқаннан кейін, қаланың екінші тынысы ашылғандай. Тозығы жетіп шіріген, құбырлар ауыстырылып, шұрқ тесік көшелерге асфальт төселіп жатқанын көз көріп жүр. Иә, мұны кез-келген әкім істей алады дерсіз. Бірақ асықпаңыз! Қаланың қазіргі басшысы шағын ауданның аулаларына ерекше көңіл бөлуде.
Бұрын болмаған балалар алаңшасы мен тұрғындар тынығатын орындықтарды орнатып жатыр. Оған аула ішіндегі тақтайдай тегіс жолдарды қосыңыз. Одан бөлек, көпқабатты үйлердің алдындағы көлік тұрағын көргенде көз қуанатыны да бар. Әкім тазалыққа да ерекше көңіл бөліп жүр. Қонақтар көп келетін қала қоқыспен «көмкерілмесін» деп үнемі айтып жүретінін ел аузынан естідік.
Қатты мақтап кетті деп сөкпеңіздер. Тиісті қаржы болса жоғарыда аталған жұмыстар кез-келген шенеуніктің қолынан келетіні анық. Бірақ, тапсырманы беріп, қадағалауды қиялынан шығаратын әкімдерді естіп те, көріп те жүрміз. Ал, Тұрашбеков «ондайлардың» қатарында емес. Қашан қарасаң құрылыс басында жүреді. Сенбі, жексенбі демей жасалып жатқан жұмыстарды тынбай аралайды, қадағалайды.
Рухани астананың бағына біткен басшыны бағалай білейік!