Без рубрики

САЙРАМДА «ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Сайрам ауданында жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елге адалдық пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын сіңіруге бағытталған тағылымды дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары аясында Ақсукент ауылында орналасқан А. Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің мәжіліс залында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – «Отан – отбасынан басталады» қағидаты арқылы жастардың санасында елге деген шынайы сүйіспеншілік қалыптастыру, отбасылық тәрбиенің маңызын терең түсіндіру, қоғамдық жауапкершілік пен адал азамат бейнесін нығайту болды.

Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Даванова Сайера Мирзалиевана, Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ештаев Сейдуалы Абдуллаұлы, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абзелова Ұлпан Оралбекқызы және этнос жастары қатысты.

Іс-шара барысында Аманкелді Қабылбеков ақсақалдар институтының тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталып, ұлттық тәрбие – ұрпақ санасын қалыптастыратын үлкен мектеп екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнегелі сөз айту, дұрыс бағыт-бағдар беру ата-бабадан қалған аманат болып табылады және бұл жауапкершілік бүгінгі аға буынның басты міндеті.

Ал Сейдуалы Ештаев жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруда әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі ерекше екенін айтып, жас буынның дүниетанымын қалыптастыруда отансүйгіштік бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол жастардың әрбір бастамасын қолдау – олардың елге деген сенімі мен жауапкершілігін күшейтетінін жеткізді.

Кездесу барысында Сайера Даванова халық даналығындағы «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген нақыл сөздің терең тәрбиелік мәнін тарқатып, отбасыдағы әке мен ананың бала тәрбиесіндегі айрықша рөліне тоқталды. Оның айтуынша, әке – отбасының тірегі, рухани тәрбиеші, ал ананың мейірімі мен парасаты баланың мінез-құлқы мен рухани байлығын қалыптастырады. Әкеден қалған өсиет – өмірлік бағыт, ал анадан дарыған қасиет – баланың ішкі болмысы. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру әрбір ата-ананың басты міндеті екенін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы мұндай жаңа форматтағы кездесулер қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтауға, жастардың бойында салауатты сана мен берік азаматтық ұстанымды қалыптастыруға зор ықпал ететінін айтты. Оның пікірінше, отансүйгіштік тәрбиенің бастауы – отбасы, ал осындай мазмұнды кездесулер сол тәрбиенің қоғам деңгейінде жалғасуына мүмкіндік береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close