ТҮРКІСТАНДА ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ БАСТАЛДЫ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала аумағындағы 6 сектор бойынша тұрғындармен кезекті кездесуі басталып, алғашқы жиын Яссы секторында өтті.

Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде шаһар басшысы сектор аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндап, биыл жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Сонымен қатар өткен жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды.
Қазіргі таңда Яссы секторында 43 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Сектор аумағында 5 100 тұрғын үй, 191 көше, 400 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Бұдан бөлек 6 мектеп, 3 аурухана, 26 балабақша, 5 саябақ, 3 колледж және 20 қонақ үй халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Кездесу барысында инфрақұрылым саласында атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Бүгінде сектор тұрғындарының 99,5 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал кәріз жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Қала бойынша орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту деңгейі 36,5 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта Түркістанда 7 ірі нысанның құрылысы жүргізілсе, соның бірі Яссы секторында жүзеге асырылып жатыр. Жоба толық аяқталған жағдайда 7 480 абонент кәріз жүйесіне қосылады деп жоспарланған.
Сектор аумағын абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы Тәуке хан мен Тыныштықұлов көшелерінің қиылысында сәндік қоршаулар мен шағын сәулеттік нысандар орнатылып, аумақтың келбеті жаңартылған. Сонымен қатар Хақназар хан көшесінде жабық футбол алаңы пайдалануға берілсе, Мұғалжар көшесіне балалар ойын алаңшасы орнатылған. Ал биыл Өтемісұлы және Алтын Орда көшелерінде спорт және ойын алаңдарының құрылысы басталды.
Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде Яссы секторындағы 264 көшенің 220-сы асфальтталған. Нәтижесінде асфальт жолдардың үлесі 88,5 пайызға жеткен. Биыл жалпы ұзындығы 17,3 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 16 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар толық орындалған жағдайда сектордағы асфальт жолдардың үлесі 97,4 пайызға дейін артады. Сонымен қатар Қазыбек би мен Ораз Жарылқапов көшелерін жалғайтын 2,5 шақырымдық жол құрылысы толық аяқталған.
Қоғамдық көлік қатынасын жақсарту бағытында бүгінде қала бойынша 22 маршрутта күн сайын 239 автобус қызмет көрсетуде. Биыл «ТехПрофАвто» ЖШС тарапынан 23 электр автобус сатып алынып, №15 және №18 бағыттарына қосылған.
Қауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында өткен жылы Яссы секторында 78 бейнебақылау камерасы және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтайтын 4 арнайы камера орнатылған. Ал биыл сектор аумағында қосымша 26 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында тұрғындар кәріз жүйесі, жол сапасы, қоғамдық көлік қозғалысы, көше жарығы, интернет желісінің қолжетімділігі секілді өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қала әкімі әрбір сұраққа заң аясында нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.



