Без рубрики

ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ: САУРАНДАҒЫ СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР

Түркістан облысында өндіріс пен инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі – Сауран ауданы. Соңғы жылдары өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, индустриялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе Шаға өндірістік алаңы аудан экономикасының жаңа драйверіне айналып, кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне жол ашуда.

25 маусым күні аталған өндірістік аймақта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылып, журналистер бірнеше өндіріс орнын аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Пресс-тур барысында өндіріс орындарының жұмысын көзбен көріп, кәсіпкерлермен тілдесіп, өңірдің индустриялық әлеуетіне куә болдық.

Осы орайда Сауран ауданының инвестициялық мүмкіндігі, өндірістік жобалардың маңызы және ауданның алдағы даму жоспары туралы Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігінің ресми өкілі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айкен Жақыппен сұқбаттасқан едік.

Айкен ханым, алдымен ұйымдастырылған пресс-турдың маңызына тоқталсақ. Бұл шараның негізгі мақсаты қандай болды?

–  Бүгінде Сауран ауданында инвестиция тарту мен өндірісті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан осы бастамаларды халыққа кеңінен таныстыру, ауданның өндірістік әлеуетін көрсету және жүзеге асырылып жатқан жобалардың нақты нәтижесін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария ету мақсатында арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.

Бұл тек кәсіпорындарды таныстыру шарасы ғана емес. Пресс-тур аясында журналистер өндіріс орындарының нақты жұмысымен танысып, инвестициялық жобалардың аудан экономикасына қалай әсер етіп жатқанын көзбен көрді. Біз үшін ашықтық пен нақты ақпарат беру өте маңызды. Сондықтан БАҚ өкілдерінің өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлермен тікелей пікір алмасуы –  маңызды қадам деп есептейміз.

–  Пресс-тур барысында бірнеше өндірістік нысанды араладық. Жалпы Шаға өндірістік алаңының Сауран ауданы үшін стратегиялық маңызы қандай?

–  Шаға өндірістік алаңы бүгінде Сауран ауданының индустриялық даму орталығына айналып келеді. Бұл аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Бұрын аудан негізінен ауыл шаруашылығымен танылса, қазір өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дами бастады. Шаға өндірістік алаңында ауыл шаруашылығына арналған техника, су үнемдеу жүйелері, агродрондар, білім беру ұйымдарына арналған жиһаздар, медициналық құрылғылар, полиэтилен өнімдері және ағаш есіктер өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Бұл –  аудан экономикасының жаңа кезеңге өткенінің айқын көрінісі.

– Пресс-тур кезінде ауыл шаруашылығы саласына қажетті технологиялық жобалар ерекше назар аудартты. Бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Иә, қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығындағы басты бағыттардың біріне айналды. Осы ретте «BNK Group» кәсіпорнының жобасы ерекше маңызға ие. Компания америкалық «Nelson Irrigation» кәсіпорнымен бірлесіп, жаңбырлатып суару машиналарын өндіруде. Сонымен қатар мұнда ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, агродрондар мен металл конструкцияларын шығару жолға қойылған.

Сондай-ақ «Юпитер-М» және «Turan Su» кәсіпорындары да суару жүйелерін өндірумен айналысады. Бұл кәсіпорындар шығаратын өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталған. Мәселен, «Юпитер-М» өнімдері бүгінде Өзбекстан Республикасына экспортталуда.

Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану –  мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселе. Сондықтан мұндай өндірістердің ашылуы ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Агродрон өндірісі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл жоба өңір үшін қаншалықты маңызды?

– «Avatar Agricultural Technology Development» жобасы  – ауданымыздағы инновациялық әрі болашағы зор жобалардың бірі. Қазіргі уақытта өндірістік алаң толық дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленіп қойған.

Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланып отыр. Бұл агросаланы цифрландыруға бағытталған маңызды бастама. Себебі қазіргі таңда агродрондар егін шаруашылығында тыңайтқыш себу, жерді бақылау және өнімділікті арттыру мақсатында кеңінен қолданылып келеді.

 Әлеуметтік салаға қажетті өнім өндіретін кәсіпорындар да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асуда?

–  Иә, біз тек өндіріс көлеміне ғана емес, оның қоғамға қажеттілігіне де баса мән береміз. Соның бірі  – «Aqniet Holding» кәсіпорны. Бұл компания білім беру ұйымдарына арналған заманауи жиһаздар шығарады. Соңғы үш жылда еліміздің әр өңіріндегі 50-ге жуық мектеп осы кәсіпорынның өнімдерімен жабдықталған.

Әсіресе «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шығарылып жатқан өнімдерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар кәсіпорында медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар да өндіріледі. Бұл –  ауданымызда өндірістің сапалы әрі сұранысқа ие бағыттар бойынша дамып келе жатқанын көрсетеді.

 – Пресс-тур кезінде кәсіпорындардағы жұмысшылардың белсенді еңбегін байқадық. Жұмыспен қамту мәселесіне бұл жобалардың әсері қандай?

–  Әрине, кез келген инвестициялық жобаның басты нәтижесі –  халықты жұмыспен қамту. Қазіргі таңда Шаға өндірістік алаңындағы кәсіпорындар ондаған азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Мысалы, «Daulet Holding» кәсіпорнында 40-қа жуық адам тұрақты еңбек етеді. Ал суару жүйелерін шығаратын зауыттарда да жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

–  Жалпы, Сауран ауданының алдағы инвестициялық даму жоспары қандай?

– Алдағы уақытта да инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жалғасады. Біздің негізгі мақсатымыз –  өндіріс көлемін ұлғайтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы аудан экономикасын нығайту.

Қазіргі таңда жаңа жобалар бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын көбейту арқылы экспорттық әлеуетті арттыруды және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс пен өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Осы бағытта Сауран ауданында да нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан ауданның индустриялық даму қарқыны алдағы уақытта да жалғасады деп сенеміз.

–  Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

–  Сіздерге де рақмет!

Сұқбаттасқан: А. Бағдатұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close