ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ БРАЙЛЬ ҚАРПІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Брайль қарпімен басылған Жаңа Конституцияның таныстырылымы өтті.

Бұл бастама зағип және нашар көретін азаматтардың Ата Заңмен еркін танысуына мүмкіндік беріп, олардың құқықтарын қорғауға әрі қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, заң саласының мамандары және осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Брайль қарпімен жарық көрген Конституцияның әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, Ата Заңның барлық азаматқа бірдей қолжетімді болуы қоғамдағы теңдік пен әділет қағидаттарын нығайта түседі.
Сондай-ақ алдағы уақытта Брайль қарпімен басылған Конституция даналары өңірлердегі арнайы кітапханаларға және зағип әрі нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететін мекемелерге таратылатыны белгілі болды.
Мамандар бұл бастама инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.





