Без рубрики

САУРАНДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ: ЖАҢА ИҚАНДА 216 ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округінде өткен халықпен есеп беру кездесуінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жан-жақты талқыланып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер ортаға салынған болатын. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен өткен жиында елді мекеннің даму көрсеткіштері сараланып, ауылдың алдағы бағыт-бағдары айқындалды.

Кездесу барысында Жаңа Иқан ауылдық округінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға ерекше назар аударылды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отырғаны айтылды. Жалпы жер көлемі 74 мың гектардан асатын округте бүгінде 216 шаруа және фермер қожалығы мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл өз кезегінде ауылдағы еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізуде.

Жиында жайылым жер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындарды ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалып, жерлерді ортақ пайдалануға беру бойынша тиісті меморандумдар түзілгені баяндалды. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстары толық жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы дақылдары жоспарға сәйкес егілгені атап өтілді.

Есеп беру барысында ауылдық округтің бюджеті мен кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар да кеңінен сөз болды. Бөлінген қаржы негізінен санитарлық тазалықты сақтау, көше жарықтандыру жүйелерін күтіп ұстау және коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту бағыттарына жұмсалған. Бұл жұмыстар ауыл келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ салық түсімдері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалғаны айтылып, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқаны байқалды. Бүгінде округтегі кәсіпкерлік нысандары халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп, сауда және қызмет көрсету салалары тұрақты дамып келеді.

Әлеуметтік салалардағы жұмыстар да кездесуде кеңінен қамтылды. Қазіргі таңда ауылдық округтегі бес мектепте екі мыңнан астам оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қалыпты жұмыс жүргізіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеу мен оқыту ісі жүйелі түрде жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында ауыл тұрғындарына дәрігерлік амбулатория мен жеке емхана қызмет көрсетіп келеді.

Кездесу барысында тұрғындар коммуналдық сала, жер қатынастары, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Жалпы, Жаңа Иқанда өткен бұл кездесу Сауран ауданында халықпен ашық диалог орнатуға, ауылдарды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close