Без рубрики

САУРАНДА NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАР ӨНДІРІС САЛАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Сауран ауданында жұмыссыз және тұрақты оқу мен еңбекке тартылмаған NEET санатындағы жастарға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар өндіріс саласының жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен Мансап орталығының бірлесуімен өткен іс-шара жастарды еңбекке баулу, кәсіби бағдар беру және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында өткізілді.

Экскурсия аясында жастар Сауран ауданындағы «Ли Хуа» тоқыма зауытының жұмыс барысымен танысып, өндірістегі технологиялық үдерістерді көзбен көрді. Қатысушылар кәсіпорындағы өндіріс желілерін аралап, тоқыма саласындағы заманауи құрал-жабдықтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар зауыт мамандары өндіріс орнындағы еңбек тәртібі, жұмысқа орналасу талаптары, қызметкерлерге жасалатын жағдайлар мен кәсіпорындағы мүмкіндіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы кеңінен түсіндіріліп, кәсіби даму мен тұрақты табыс табудың жолдары айтылды. Мамандар қазіргі таңда өндіріс саласында білікті жұмысшы мамандарға сұраныстың жоғары екенін жеткізіп, жастарды нақты кәсіп игеруге шақырды.

Іс-шара соңында қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, өндіріс саласына қатысты көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Экскурсия барысында бірқатар жастар зауыттағы жұмыс мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, болашақта осы бағытта еңбек етуге ниет білдірді.

Мамандардың айтуынша, мұндай танымдық кездесулер жұмыссыз жастардың кәсіби бағытын айқындауға, олардың еңбек нарығына бейімделуіне және жұмысшы мамандықтарының маңызын түсіндіруге оң ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастамалар жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға және өндіріс саласына жаңа мамандар тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Сауран ауданында жастарды қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, NEET санатындағы жастарды қоғам өміріне белсенді араластыруға басымдық берілуде.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close