САУРАНДА ІРІ ТУРИСТІК ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ: ШАҒА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ 3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕЛІК АКВАПАРК САЛЫНБАҚ
Сауран ауданында туризм мен кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Аудан аумағында заманауи аквапарк салу жоспары талқыланып, жоба бойынша нақты жұмыстар басталды. Осыған байланысты Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жеке кәсіпкер Надир Абдусаттаровпен арнайы кездесу өткізіп, инвестициялық жобаны іске асырудың негізгі бағыттарын қарастырды.
Кездесу барысында тараптар жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктерін талқылап, құрылыс жұмыстарының барысы мен алдағы жоспарларды пысықтады. Аталған бастама «НАДЫР» жеке кәсіпкерлігінің ұсынысымен қолға алынып отыр. Жоба өңірдегі туризм инфрақұрылымын дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және халыққа заманауи демалыс орындарын ұсынуға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, аквапарк Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округі аумағында орналасады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 3 миллиард теңгені құрайды. Заманауи талаптарға сай бой көтеретін нысан тәулігіне 1200 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоба аясында 80 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және жастар үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өңірде инвестициялық жобаларды қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ірі жобалар аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Сауранның туристік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
– Бүгінде Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа өндірістік әрі туристік жобаларды жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Аквапарк құрылысы ауданның туристік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай нысандар халыққа сапалы демалыс орындарын ұсынып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын бизнестің дамуына жол ашады, – деді аудан басшысы.
Жоба аясында заманауи демалыс аймағын қалыптастыру көзделіп отыр. Аквапарк аумағында су аттракциондары, отбасылық демалыс орындары, балаларға арналған ойын алаңдары мен түрлі сервистік нысандар орналастырылады деп жоспарлануда. Бұл нысан тек аудан тұрғындарына ғана емес, Түркістан қаласы мен көршілес өңірлерден келетін қонақтарға да қызмет көрсететін маңызды туристік орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
Қазіргі таңда құрылыс жүргізілетін аумақта жер қазу жұмыстары басталған. Сонымен қатар нысанды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша техникалық есептеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, газ, су және электр қуатын тартуға байланысты жобалық мәселелер қарастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нысанды 2026–2027 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Сауран ауданында кәсіпкерлік пен инвестициялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және туризм салаларында жаңа бастамалар жүзеге асырылып, өңір экономикасының әлеуеті артып келеді. Әсіресе туризм бағытындағы жобаларға басымдық беріліп, ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Сарапшылардың пікірінше, аквапарк секілді ірі демалыс нысандарының салынуы аудан экономикасына оң әсерін тигізіп, ішкі туризмнің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет көрсету саласының дамуына жол ашып, шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Сауран ауданында қолға алынған бұл ірі инвестициялық жоба өңірдің туристік әлеуетін күшейтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды бастамалардың біріне айналмақ.



